Бисенов Жасұлан Тұрланұлы - «Атырау облысы мүгедектерінің спорт клубы» КМК филиалының Индер ауданы бойынша нұсқаушысы 

Жасұлан 2010 жылы қайғылы оқиғаға душар болып, нәтижесінде дәрігерлер сегіз саусағын кесіп, екі қолында тек шынашақтары ғана қалады. Басынан өткен оқиғаға қатты қайғырған ол қатты күйзеліске түсіп, 4 жыл үйінен шықпай жатып алады. Алайда жас күнінде спортпен айналысқан ол уақыт өте келе бар күш-жігерін жинап,  қайтадан спортпен айналысып, жетістіктерге жетемін деген ниетпен облыстық мүгедектер спорт клубына барады. Сөйтіп, қолына ракетка алып үстел теннисінен облыс және ауданаралық жарыстырдың бірнеше дүркін жеңімпазы атанады. Содан бастап, өзі сияқты қиындыққа тап болған мүгедек балаларға жол көрсетіп, жарыстарға дайындап, рухани тұрғыда қолдап, барынша демеп келеді.

Жасұлан Тұрланұлы бұрындары спортқа қатысып жүрсе де, екінші рет бұл салаға айналып келу оңай болмағаннын айтады:

- Жас күнімде мен пинг-понгты жақсы ойнадым. Бірақ қазір бәрі басқаша болды. Ракетканы қолымнан жүз рет түсіріп ала бердім, сосын өзімнің бұл шешімге келуім бекер ме деген көңілге күмән кірді. Алайда, шынтағым жайлап ракеткаға үйрене бастады, мен сөйтіп, ойнап кеттім.

Өмірсүйгіштігі мен қайтпас табандылығының арқасында 2015 жылдың наурызында Атырауда спортшы мүгедектер арасында өткен облыс чемпионатында алғашқы қола медалін жеңіп алады. Одан кейін Махамбет және Жылыой аудандарының ашық біріншіліктерінде екі күміс медальға ие болады.

2015 жылдың сәуір айында «Атырау облысы мүгедектер спорт клубы» КМК директоры Сансызбай Торғаев Индер ауданында клуб филиалын ашып, Жасұланға нұсқаушы болуға ұсыныс жасайды. Аудан билігінің көмегімен аймақта бөлімше ашылып, арнайы бөлінген ғимарат толықтай спорт құрал-жабдықтарымен жабдықталады. Сөйтіп, ол қолына әлеуметтік қорғау бөліміннен аудандағы 200-ге жуық мүгедек жандардың тізімін алып, олардың үйлерін аралап, оларды орталыққа шақырады. Жаңа орталыққа келгендерден үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ және жеңіл атлетика топтары ашылады.

Қазір филиалда 20 спортшы-мүгедек жаттығады. Олар - үстел теннисінен облыстық, аудандық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. 25 жастағы Қуат Жанесеев, үстел теннисінен, дойбы, шахматтан облыстық және аудандық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, 20 жастағы Нұрхан Бергенбай, үстел теннисі, тоғызқұмалақтан облыстық, аудандық турнир-лердің жеңімпазы 16 жастағы Мейрамбек Оқас. Нұсқаушы сондай-ақ, спортшыларының ішінен индерборлық Эльмира Алауовадан және Бөдене ауылындағы Ерболат Жолдасовтан зор үміт күтетіндігін айтады.

Жасұлан бұнымен жұмыс тоқтамайды дейді. Қазір ол аудан әкімдігінің қолдауымен ауылдық округ әкімдерімен мектептің спорт залдарынан мүгедектерге арналған спорттық секция ашу туралы келісімге келісім жасаған. Өйткені, аудан орталығына бару қиын, облыс мүгедектерінің көп бөлігі алыс ауылдарда тұрады. Осылайша спортшылар өздерінің тұрғылықты жерлерінде жаттығып, облыстық жарыстарға бір құрама команда болып баратын болатындығын айтады.

Ол өзі жеткен жетістікке өзгелер де жетсе екен деген тілекпен:

- Үйде отырып өткенге күйініп, мұңға батқан мүгедектерге мынаны айтқым келеді: сіздер маған қараңыздар, мен өмірге қайта келдім, өмірдегі өз ісімді таптым, сол арқылы өзіме қаншама достар таптым және әлі де таба бермекпін, - дейді.

Ауданымыздағы мүгедек жандарға қамқоршы, әрі демеп, рухтандырып жүрген азаматымыз Жасұланды "100 жаңа есім" жобасына қатысуға лайықты деп санаймыз.