Абдулла Жұмашов – өлкетанушы, этнолог, әдебиетганушы

Ұзақ жылдар бойы музейдің ғылыми – жинастыру, ғылыми – экспедициялық, ғылыми – зерттеу, ғылыми – ағарту, ғылыми – көпшілік, ғылыми – баспа, ғылыми – экспозиция, ғылыми – қор, т.б. жұмыстарын жүргізе отырып, заттық және рухани мәдениет туралы аса құнды, баға жеткісіз түп дерек болатын мыңдаған жәдігерлер жинастырып, археологиялық, этнографиялық, фольклорлық, Әбу Нәсір әл – Фараби және оның ізбасарларының Республикада тұңғыш рет қоғамдық негізде «Отырар руханияты - Әбу Нәсір әл – Фараби - Арыстанбаб музей – кітапханасын» ашты, ғылыми концепциясын қалыптастырды.

10 сәуір 1948 жылы Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген.

2011 жылы осы қоғамдық музейдің негізінде «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ашылды. Мұражайдың тұңғыш директоры болып Абдулла Жұмашов тағайындалды. Сыр бойы мен Қаратау, Қазығұрт атырабының ақындары Мәделі, Майлықожа, Құлыншақ, Молда Мұса, Нұралы, Бұдабай, Өтебай, Айнабек, Қызыл Жырау, Қалмамбет, Өтебақ, Мыңбай, Санбай, Айтбай, Махан, Зияш, Байбосын, Құлжабай, Орынбай, Қазанғап, Садуақас, Балтабай, Тәушен, Қаныбек, Көпбай, Манап, т.б. ақындарға қатысты жинақтаған жәдігерлері аталған өнер иелерінің «Қызыл жырау» (1997), «Майлықожа» (2005), «Садуақас ақын» (2008), «Мәделі» (2009), «Қызыл жыршы» (2009), «Балтабай ақын» (2010), «Ергөбек» (2010), т.б. жинақтарына енгізілді. Өзбекәлі Жәнібеков құрастырған «Ежелгі Отырар» атты альбом – кітапты құрастыруға қатысушылардың бірі (Этнография. 1997). «Қызыл жырау» (1997), «Тәушен» (2005) «Садуақас ақын» (2008), «Қызыл жыршы» (2009), «Ергөбек» (2010), «Балтабай ақын» (2010) атты кітаптарды құрастырып шығарды. Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, рухани мұраларына арналған «Қазыналы Оңтүстік» атты коптомдықта (2014) Абдулла Жұмашовтың жинастырып, зерттеп, зерделей алғы сөзін жазып дайындауымен Ергөбек Құттыбайұлы, Мырзабек Байжанұлы (Қызыл жырау), Елеусіз Байырбеков, Садуақас Жақашұлы, Балтабай Тебейұлы шығармалары көптомдықтың 136, 233, 237, 238, 248 томдарында жарияланды... «Отырар жәдігерлері» (2004), «Қалдаяқ ұста – Шәмшінің әкесі» (2009), «Есжан атаның жуазы» (2009), «Отырар алқабының ақындары» (2011), «Отырар алқабындағы аңшылық» (2011) атты кітаптардың авторы. Түрколог ғалымдар З. Жандарбек, Р. Мұзаффаровпен бірлесіп 1930 жылдарға дейін Арыстанбаб кесене – мешітінің мұсылман кітапханасында сақталған көне қолжазба кітаптардың тұңғыш каталогін шығарды (Руханият – Әбу Нәсір әл – Фараби мұражайы қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар каталогы. Түркістан,  2013 жыл.). «Отырар энциклопедиясы» (2004), «Шежірелі Отырар» (2005) «Рух сардары» (2006), «Әбу Нәсір Әл-Фарабидің туғанына 1140 жыл толуына орай өткізілген халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағы» (2010), «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды сақтаудың өзекті мәселелері...» (2004), «Ата-Мұра» (1995), «Айтбай Белгібайұлы. Шығармалар жинағы» (2008), атты энциклопедиялық жинақтарға ондаған мақалалары енгізілді. Мәдени мұрамыз туралы 100-ден астам мақалалары мерзімді баспасөзде жарияланған. Астананың ашылуына орай түсірілген «Ұлы даланың астаналары» (1998), «Әбу Нәсір әл-Фараби», «Ұлы Жібек жолы» (Жапония), «Шәмші», «Майлықожа» т.б. көптеген ғылыми-көпшілік кинофильмдер мен телефильмдерге ғылыми танымдық ақпаратты деректер берді. Кезінде, 1987-1991 жылдары Сирия Араб Республикасында жұмыс істеген Кеңес гидрогеологы Қошқарбаев Нұрмахан Әметұлы арқылы Дамаскідегі «Баб-ас-Сағир» - «Кіші қақпа» мазаратындағы Әбу Нәсір Әл-Фарабидің қабірін, құлпытасын суретке түсіртіп алдырып, ондағы жазудың араб тілінен қазақ тіліне ғылыми деректік аудармасын жасатып, алғаш рет қазақ баспасөзінде, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 15 наурыздағы санында «Әбу Нәсір әл-Фарабидің қабірстаны» деген атпен жариялады. Оның ұсынысымен ұлы энциклопедист ғалым Әбу Нәсір Әл – Фараби және Майлықожа, Молда Мұса, Айтбай, т.б. ақындар туралы халықаралық ғылыми – практикалық конференциялар, мерейтойлар өткізіліп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында атақты Сирия сапары жүзеге асты (2006). Абдулла Жұмашов Сирияға екі рет барып (2006, 2008) Әбу Нәсір Әл – Фараби бабамыздың құнды жәдігерлерін елге жеткізді және оның Дамаскідегі музейінің жобасын, тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасауға қатысты (2008) және экспозициясын жасақтауға көмектесті. Абдулла Жұмашев музей тек тарихи, мәдени құндылықтарды сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін экспозициялық көрме ғана емес, музей ең алдымен, ұлттық ғылыми - зерттеу институты екенін дәлелдеп айқындаған музейтанушы. Жұмашов Абдулла Мәдениет комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған (1998), Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімінің 2001 жылғы стипендиясының иегері, Мәдениет қайраткері (2000), 2005 жылы ҚР Конституциясының 10 жылдығына орай ескерткіш меделімен, 2010 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, 2012 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.