Әділ Сәлімов саналы ғұмырын музыка саласымен сабақтастырған талантты жандардың бірі. Солтүстік Қазақстан облысында мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосып жүрген өнерлі азамат. Өскелең ұрпақ үлгі тұтатын, қоғамда құрметке ие музыкант.    

Әділ Сәлімов Петропавл музыка мектебінде «Халық аспаптары» мамандығын меңгерген. 1986 жылы Челябинск мемлекеттік мәдениет институтында «Мәдени және тәрбие жұмысы» мамандығын тәмамдады. Ол студент кезінде-ақ сахнада ән шырқап, қосымша жұмыс жасады. Ол 1994 жылы «Забияки» шоу-тобын құрған. Осы уақытқа дейін жетекшілік етіп келеді. Қазір аталмыш ұжымда 22 бала білім алып жүр. Әділ педагогикалық шеберлігін шыңдау мақсатында 2001 жылы Санкт-Петербургте «Музыкалық білім беру саласындағы балалардың эстрадалық вокал өнері мәселелері» тақырыбында өткен қайта даярлау курсын оқыды. Сондай-ақ 2001 жылы 8 қаңтарда Бүкілресейлік «Bravo, Children» конкурсының шеберлік сыныбына қатысты.

2003 жылы «Забияки» шоу-тобына «Үлгілі» деген атақ берілді.

2009 жылы «Забияки» тобы Санкт-Петербургте өткен IV халықаралық поп-әншілер байқауында «Вокалдық ансамбльдер» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі лауреат атанса, Петропавлда балаларға арналған эстрада әндерінің облыстық конкурсында II дәрежелі лауреат атағына қол жеткізді. 

2011 жылы Ә. Сәлімовтың жетекшілігімен «Забияки» тобы «Браво, дети – Рождественские вечери-2011» атты балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының бүкілресейлік ашық фестиваль-конкурсына қатысып, II дәрежелі лауреат болды. 

2014 жылы топтың құрылғанына 20 жыл толды. Өнер ұжымы осы уақыт аралығында Әділ мырзаның жетекшілігімен көптеген жетістіктерге жетіп, талай белестерді бағындырды. 

Әділ Сәлімов Солтүстік Қазақстан облысының рухани дамуына қосқан зор үлесі үшін облысы әкімі атынан бірнеше мәрте марапатталған.