Ахметқали Жүнісов – үстел теннисінен жаттықтырушы

Зейнет жасына дейін 43 жыл дамыл таппай туған жерінде қызмет еткен Ахметқали Жүнісовтің еңбегі ерен. Қарағанды техникумын денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітіріп, екі жыл әскерден оралғаннан кейін Бөрілі мектебіне жұмысқа орналасады. Замандастары А.Жүнісовтің еңбек кітапшасында бір ғана жұмыс орны бар деп қалжыңдайды. Расымен де, бір ғана ұжымға өмірінің жартысынан көп уақытын жұмсайтын жандар сирек секілді.

Ал, қазір құрметті демалысқа шыққан майталман жаттықтырушы Қарабалық ауданы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінде әдіскер, нақты айтқанда үстел теннисінен жаттықтырушы болып қызмет етіп жүр. Өзінің ұзақ жыл еңбек тәжірибесінде Ахметқали Жүнісов мемлекет тарапынан талай рет мақтау-марапаттарға ие болды. 2003 жылы «Ең үздік денешынықтыру мұғалімі» номинациясын иеленсе, 2014 жылдың 15 желтоқсанында «Ерен еңбегі үшін» медалімен Елбасы Н.Назарбаевтың өзі марапаттады.