Айым Ғаниматова – балалар дәрігері

Астана қаласындағы Қазақ Мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған Айым Ғаниматова «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен Жангелді ауданына қызметке келген жастардың бірі. Содан бері Жангелді аудандық орталық ауруханасында балалар дәрігері болып еңбек етіп жатқан ол бүлдіршіндердің денсаулығын бақылап отырған бірден-бір білікті маман.

Білмегенін сұрап, аға буын өкілдерінен ақыл-кеңес алып, тәжірибе алмасып отырады. Ем қабылдауға келген балалардың ата-аналарына кіші пейілділік танытып, пайдалы кеңестерді байыппен жеткізеді. Аналардың ақ батасына бөленген Айым Қабиболлақызының болашағынан аудан тұрғындары зор үміт күтеді.Тәжірибесі толысып келе жатқан ол ауданның медицина саласына өз үлесін қосып та үлгерген. Түрлі медициналық шараларды есепке алмағанда, оның аудандағы балалар мен жаңа туған нәрестелер өлімінің азаюына сіңірген еңбегінің өзі бір төбе. Кәсіби біліктілігі және табанды қызметі үшін 2011 жылы облыс әкімінің «Алғыс хатына» ие болса, 2013 жылы облыстық кәсіподақтар ұйымы және облыс, аудан әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталған.