Айнұр Төлеу – ақын, журналист

Айнұр Болатқызының ақындығы жайында Құралай Омар «Әр жырынан шынайы сезімді, шынайы көңіл-күйді көруге болады. Жаттанды ойлар мен жауыр болған тіркестерден ада. Ол басқаша ойлайтын ақын. Қалыпқа салынған ережелер мен ойлардан Айнұр әлдеқайда шығып, өз кеңістігін, өз әлемін тапқан. Қатып қалған қағидалармен өмір сүрмейді. Және өзгеше ойлаудан, өзгеше өмір сүруден қорықпайды» дейді. Журналист болып жүріп те, авторлық бағдарламалар жасап, радиода өзінің қолтаңбасын қалдырды. Қазірде интернет порталдарда белсенді жұмыс атқарып келеді.

Ол 1986 жылы Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты, Дегерес ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатты тәмамдайды да, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетіне оқуға түседі. Өзінің еңбек жолын 2007 жылы Қазақ радиосынан бастайды. Оның радионың «Алтын қорында» бірнеше авторлық бағдарламасы сақталған. 2015 жылы «Қамшы» порталының бас редакторының қызметін атқарды. Қазір «Алауинформ» порталының бас редакторы. Қыз- келіншектерге арналған, тұңғыш қазақтілді  глянец журнал- «Сырласудың» бас редакторының орынбасары.

2016 жылы «Қазіргі қазақ прозасының мифопоэтикасы» деген тақырыпта диссертация қорғаған. Гуманитарлық ғылымдардың магистрі, мифтанушы, ақын. Өлеңдері баспасөз беттерінде, әдеби порталда жарық көріп тұрады. «Тұран» универсиетінде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту бойынша ұстаздық қызмет атқарады. Оның «Культ-кілт» атты монографиясы баспахана дайындалуда. Көптеген кітаптарға редакторлық еткен ол тіл жанашыры. Қалың жұртшылыққа ол этнографиялық материалдарды зерттеуші журналист ретінде танымал. 2016 жылы Алматы қаласының мың жылдығына орайластырып, «Мың жасаған Алматы» атты «Жерұйық» қоғамдық қорының ұйымдастырумен өткен журналистер арасындағы шарадан Айнұр бас жүлдені жеңіп алды. Журналистер күніне арналған шараларға қатысып, белсенділік танытуына байланысты мақтау грамотасы мен дипломдары жетерлік.