Айтбай Мұздаханов – туған ауылының көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. Алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен Коммунизм жолы совхозында электрик ретінде бастады. Бөлімше меңгерушісі, су шаруашылығы маманы болып қызмет жасап, жасы келгенде абыроймен зейнеткерлікке шықты.

Шаруашылықтың сан саласында еңбек ете жүріп,  мәдениет саласына, ән-күй өнерін дамытуға зор үлес қосты. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, 1976 жылы Қызылорда қаласында өткен домбырашылардың республикалық байқауында I орын алды. Кеңшарда жұмысшы бола жүріп, 45 жылдық шығармашылық жолында 60-тан астам күй, 40-тан астам ән шығарды.

Алғашқы күйі - «Амангелді дүбірін»  халық батырына арнап, аталған күйді батыр тойы қарсаңында жұртшылыққа ұсынды. Бұдан соң Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына «Ер есімі – ел есінде» күйін, «Балалы киік», «Сәтен күйі», «Домбыра сазы» шығармаларын өмірге әкелді. Мәдениет саласына қосқан үлесі үшін бірнеше марапатқа ие болды. 1977 жылы Бүкілодақтық 1-ші және 2-ші фестивальда лауреат, 1979 жылы «Құрмет белгісі» орденінің иегері сондай-ақ, 1993 жылы «ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері»  атағымен  марапатталды. 2012 жылы Қостанай Меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының лауреаты атанып, 2015 жылы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы медальдың игері атанды. Сонымен қатар, Амангелді ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Қостанай облыстық «Мерейлі отбасы»  сайысының  жеңімпазы.