Айжан – білікті педагог, тәрбиеші. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» демекші, үйдегі ата-ананың тәрбиесінен кейін баланың қалыптасуына, алғашқы сауатын ашып, ортаға сіңісуіне үйрететін балабақша. Олай болса бүлдіршіндерді отаншылдық рух, үлкенге құрмет көрсету, досқа бауырмал болуды үйретіп жүрген мамандардың бірі – Айжан.  

Айжан 1985 жылы 25 маусымда Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін  тәмамдаған.  

Айжан алғашқы еңбек жолын Астана қаласындағы № 22 көп салалы орта мектебінде бастады. Білім беру саласындағы қызметін Алматы қаласындағы №72 орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде жалғастырды.

«Туған жердің түтіні ыстық» демекші, Айжан Қамбарқызы өзі туып-өскен Шу қаласына оралып, «Қосқұдық» балалар бақшасына жұмысқа орналасты.

Жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін сіңіруге бар күшін салып жүр. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды сіңіреді. Бұл әрине алғашқы кезекте тәрбиешілердің еңбегі.  

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, Айжан Қамбарқызы кішкентай бүлдіршіндерге мейірімін төгіп, білгенін үйретуден жалыққан емес. «Тәуелсіз елім маған не берді?» деп емес, «Еліме қандай еңбегім сіңді?» дейтін жастардың бірі.

«Тәуелсіз Қазақстан және Ұлт көшбасшысы» атты байқауға қатысып, I  орын иеленген. «Үздік тәрбиеші» аудандық  байқауынан III   орын алған.

Отбасында екі бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, ардақты жар.