Александр Шпилевой – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы

Еліміз тәуелсіздік алған тұста жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған Александар Шпилевой Қазақстанның намысын халықаралық турнирлерде қорғап жүрген қара күш иелерінің ұстазы. Мәселен, оның тәлімін көрген шәкірттердің арасынан бір «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы», тоғыз «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», жиырма екі «Қазақстанның спорт шебері» шыққан. Сонымен қатар, А.Шпилевой баптаған спортшылардың ҚР Президентінің жүлдесі үшін халық ойындарынан өткен жарыстардан, Қазақстан Кубогі, «Ақ бидай республикалық спартакиадасы, республикалық универсиада, колледж студенттері арасындағы спартакиадаларда топ жарып, жүлде салып жүргенін айта кету керек.

Одан бөлек, әлем және Еуропа чемпиондары, алыс-жақын шетелдерде өткен халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанған спортшыларды дайындаған. 2003 жылы Арқалық қаласының «Жыл адамы» атанған А.Шпилевойдың арқасында Қазақстан гір тасын көтеру спортымен де әлемге әйгілі болды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы үш дүркін әлем чемпионатының жүлдегерлері саналады. Қазір А.Шпилевой Арқалық қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Он жыл қатарынан «Үздік 10 бапкер» сапынан көрінсе, «Гір көтеру спортынан ҚР үздік жаттықтырушысы» атағы мен ҚР туризм және спорт агенттігінің мақтау қағазын иеленген.