Александр Григорьевич – зейнеткер, құрметті теміржолшы

46 жыл ғұмырын теміржол саласына сарп еткен Александр Жаворонков еңбек жолын 1967 жылы Ново-Липецк металлургия зауытында отарба машинисінің көмекшісі қызметінен бастайды. Қарталы қаласының №8 училищесін отарба машинисінің көмекшісі және Ташкент теміржол институтын МПС инженер-механигі мамандықтары бойынша бітірген. Тобыл өзені өтетін Таран ауданының құрметті теміржолшысы А.Жаворонков биікке және билікке ұмтыла қоймаған, нағыз қара жұмыстың кәнігі маманы.

Ауданнан бастап Қостанай қаласының деполарында машинист, бас инженер, станция кезекшісі, зейнетке шыққан соң Соколов-Сарыбайдың негізгі өндіріс орнында бригадир қызметін атқарған. Қазір ол – Таран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Сонымен бірге, «С песней по жизни» вокалды тобына жетекшілік етіп жүрген А.Жаворонков қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Мәселен, аталмыш кішігірім өнер ұжымы Рудный және Лисаковск қалаларында қайырымдылық концерттерін өткізіп тұрады. Теміржол саласына маңдай тері сіңген майталман маман ел ішінде алғысқа бөленіп, мемлекет тарапынан талай мәрте марапаттарға ие болған.