Алихан Тугультаев 1974 жылы 12 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында дүниеге келген.

2001-2003 жылдары Ақтөбе қаласындағы ҚазГЗУ-да заңгер мамандығы  бойынша білім алды.

2000 жылы Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментіне қызметке орналасып, бүгінде басшы орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді.

2001 жылдың 3 маусымында қаладағы жекеменшік үйлердің біріне тапанша, пышақпен қаруланған белгісіз ер адам басып кіріп, үй иесінен ақша және бағалы бұйымдар талап етеді. Онысымен қоймай, үй иесін көлігімен басқа ауданға апарып тастауға күштейді. Осы уақытта жәбірленушінің әйелі құқық қорғау органдарына хабарлап үлгерген еді. «Қолға түсіру» жоспары бойынша аталған автокөлік 10 минут өтер-өтпес уақытта қолға түседі. Полиция аға лейтенанты Алихан Тугультаев пен полиция сержанты Дариябаев Ізбазар жәбір көруші көлікті тастап шыққанда, қылмыскерді екі жағынан қоршап үлгереді. Бұл уақытта ол гранатаны Алихан Тугультаев отырған артқы орындыққа лақтырған екен. Жарылғыш заттан аға лейтенант оң аяғынан ауыр жарақат алады. Десек те, қылмыскер осы тұста ұсталып, қамауға алынады. Ол бұған дейін адам өлтіргені үшін, сондай-ақ бірнеше қылмыстары үшін іздеуде жүрген екен.

Алихан Тугультаев бұл ерлігі үшін 3 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Бүгінде, «бейбіт күннің батыры» 4 бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке.