Әлима Жақыпқызы - 16 мамыр, 1952 жылы  Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын (1973 ж), бітірген. Педагогика ғылымдарының кандидаты (Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті  1995 ж).

 “Ерен еңбегі үшін” медалі, 2001 жыл, 2005 жылы "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелік медалі, “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері” омырау белгісі , "Ы.Алтынсарин" төс белгісі , "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы,  «10 жыл Астана» мерекелік медалі, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы»  Еңбек өтілі  41 жыл. “Әбдіхалықова Әлима Жақыпқызы КМҚК М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры болып 1980-2017 жыл аралығында жұмыс істеді.

Ә.Ж.Әбдіхалықованың интеллектуалдық деңгейі жоғары, жаңа білімге, мәдениетке ынтызар, өз-өзіне талап қойғыш, тапсырылған жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарды. Басшы ретінде училище тарихында қалыптасқан дәстүрлерді сақтай және дамыта отырып, облыстың және республиканың жалпы білім беретін оқу орындары үшін білікті кадрлар дайындауға барлық күш-жігерін жұмсады. Колледждің оқу-материалдық базасын үнемі жаңартып отыруға, инновациялық технологиялар мен халықаралық білім бағдарламаларын енгізуге көп көңіл бөлді. Соның нәтижесінде колледжде республика бойынша алғашқылардың бірі болып интернет желісіне қосылған электронды оқу залы, мультимедиялық лингофондық кабинеттер құрылды.

12 жылдық мектептің жаңа формациядағы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау  бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Бастауыш сыныптың шетел тілі, информатика мамандықтары бойынша мұғалімдер дайындалуда. Колледж оқытушыларының біліктілігін арттыруда үздіксіз жұмыстар жүргізілуде, республикалық және халықаралық конференциялар мен сайыстарға қатысып, колледждің  екі оқытушысы АҚШ-та тәжірибе алмасуға жолдама алды. Болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлаудағы табыстары үшін Ә.Ж.Әбдіхалықова басқарған ұжым 2001-2002 оқу жылында "Облыстың үздік колледжі" болып танылып, республикалық конкурстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Оқу процесінде жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолданғаны үшін" Дипломымен марапатталды. 

Ұжымды басқару терең білімді,  пайым-парасатты, кәсіби біліктілікті  талап етеді. Сондықтан Ә.Ж.Әбдіхалықова кәсіби біліктілігі мен құзырлылығының деңгейін үнемі көтеріп отыруды өзінің басты міндеті санады. Ұзақ жылдарғы педагогикалық қызметінің, ғылыми-шығармашылық ізденісінің нәтижесінде 1995 жылы "Педагогикалық колледждердегі "Бастауыш сыныптарда оқыту" мамандығы оқушыларын кәсіби даярлаудың мазмұны" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 

Ә.Ж.Әбдіхалықова  1991-2010 жылдар арасында колледж базасында құрылған республикалық оқу-әдістемелік бірлестік төрайымы болып қызмет атқарды. Оқу-әдістемелік бірлестікте  4 мамандық бойынша білім берудің мемлекеттік стандарттары мен 123 типтік оқу бағдарламалары жасалып, ҚР Білім және ғылым министрлігінде бекітілді.  Ә.Ж.Әбдіхалықова – «Методика обучения  русскому  языку в начальных классах казахской школы», Теория ценностного ориентирования профессиональной  подготовки учащихся педколледжей», «Тестовые вопросы по  методике  преподавания русского языка и литературы», /«Аркас», А., 2004 ж./,  «Русский язык» пособие по орфографии и   пунктуации /«Аркас»,А., 2004 ж./, «Практикум русского языка» /Фолиант», Астана, 2004 ж./, “Оқытудың қазіргі технологиялары арқылы болашақ маманның  кәсіби потенциалын қалыптастыру жолдары” /2006 ж./ “Педагогикалық     мониторинг: диагностика, логика, коррекция,  перспектива” /2006 ж./, “12 жылдық білім беру жағдайындағы бастауыш сынып  мұғалімінің профессиограммасы  және даярлау технологиясы” /2006 ж./, “Білімді ақпараттандыру жағдайында 12 жылдық мектептің жаңа формациядағы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау технологиясы” /2006 ж./  атты  оқулықтар мен оқу құралдарының және “Әліппе” мультимедиялық аудио-визуалды оқу құралы (2006 жылы   қазан айында  ІҮ халықаралық Қазақстан және ТМД елдерінің білімді   ақпараттандыру форумында осы оқу құралы «Үздік электронды оқулық» дипломына ие болды)  және “12 жылдық мектептің бастауыш  сынып оқушыларын көптілдікке  баулу” электрондық оқыту  бағдарламасының  авторы.

Білім саласының проблемалары бойынша қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 1991-1998 жылдар аралығында  облыстық әйелдер кеңесінің  мүшесі, 1999-2003 жылдары және 2007 жылдан бастап "Нұр Отан" партиясынан облыстық мәслихат депутаты; облыс әкімі жанындағы "Отбасы және әйелдер" ісі жөніндегі комиссияның мүшесі; облыстық "Ақниет" қорының атқарушы директоры сияқты түрлі қоғамдық жауапты жұмыстар атқарды. Облыстағы колледж директорлары кеңесінің төрайымы болды. "Нұр Отан" партиясынан 4-ші шақырылған облыстық мәслихат депутаты.

Ә.Ж.Әбдіхалықова білікті басшы, талантты ұйымдастырушы ретіндегі өзінің бай тәжірибесін республика көлемінде ғана емес, халықаралық ауқымда да талқыға салып, іс-тәжірибесін бөлісіп отырды. 2005 жылы сәуір айында “Білім беру жүйесінде адам ресурстарын  дамытуды басқарудың  қазіргі тенденциялары” тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда “Жаңа педагогикалық технологиялар” тақырыбында; 2005 жылы қазан айында Алматы қаласы, РИПК СО базасында   “Мектеп информатикасы: іс-тәжірибе, проблемалар және келешегі” тақырыбында өткен халықаралық  ғылыми-практикалық   конференцияда “Ақпараттандыру  перспективалары: бастауыш мектепке оқытудың ақпараттық-компьютерлік технологияларын ендіру” атты баяндама; осы жылы “Біліктілікті арттыру жүйесі және ХХІ ғасыр білімі” тақырыбында өткен халықаралық  ғылыми-практикалық   конференцияда “Мұғалімнің кәсіптік құзырлылық сапасын қалыптастыру” атты баяндамалар жасады; 2006 жылы қазан айында “Ақпараттық технологиялар” бойынша Корея мемлекетінде “ICT Training Program” бағдарламасы бойынша  барып қайтты. 2007 жылы наурыз айында Астана қаласында  ҚР білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – елдігіміздің алтын тұғыры» атты көрмеге республикадағы 4 колледждің бірі болып қатысып, алғыс хатқа ие болды. 2007 жылы сәуір айында Алматы қаласында өтетін “Мектепке дейінгі және бастауыш  білім беру: қазіргі жағдайы, тенденциялары және даму мәселелері”    тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға  шақыру алды.

2008 жылы сәуір айында өткізілген Қызылорда қаласында «Қазақстан Республикасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кәсіптік лицейлер мен колледждерге енгізу және оқытушыларды инновациялық әдістерге оқыту» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысты. Рогаланд (РКК, Норвегия ) Кәсіптік даярлық пен оқыту Орталығының «ҚР-да кәсіптік білімді дамыту, техникалық және қызмет көрсету жоғары білікті мамандарын даярлау мен қайта даярлауға ықпал ету» біріккен жобасымен жұмыс жасауда.  
2009 жылы қаңтар айында Норвегияның РКК қоғамының шақыруы бойынша «Норвегия елінің кәсіби білім жүйесінің дамуымен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында біліктілік көтеру іссапарында болды.
2010 жылы қаңтар айында Германияның InWent қоғамының шақыруы бойынша «Орта арнайы оқу орындарын басқару және менеджмент» атты біліктілік арттыру курсында дәріс алды.

Ә.Ж.Әбдіхалықова - отбасылы, ұл өсіріп, немере сүйіп отырған қамқор ана, бақытты әже.