Әліш Сәукен Әлмәмбетұлы 1968 жылғы 11 желтоқсанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданының орталығы Жаңақазалы поселкесінде дүниеге келген. 1976-1986 жылдар аралығында осы орталықтағы №216 Қ.И.Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебінде білім алды. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын музыка факультеті бойынша бітірген. 1991 жылдан Қазалы аудандық балалар музыка мектебінде баян класының оқытушысы болып жұмыс жасайды.

2009 жылдан баян класының жоғары санатты оқытушысы. 2004 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын қоса атқарған. 2012 жылдан бастап Қазалы аудандық балалар әуез мектебінің директоры қызметін атқаруда.
Композитордың біршама әндері бар, оның үшеуі республика көлемінде орындалып жүр. «Тәуелсіздік таңы» атты әні халықаралық «Азия даусы», «Ақ көгершін», республикалық «Менің даусым - Отанға», «Балауса», «Жас қанат» тағы басқа байқауларда жүлдемен оралды. 
2010 жылы Италияның Римини қаласында өткізілген дүниежүзілік «Rimini FEST – 2010» ән байқауында Қармақшылық жас әнші Қыдырбек Айжан Сәукеннің осы аталған әнімен ГРАН ПРИ иегері атанды. Осы әні Түркияда,Украинада және Ресейде сәтті орындалды. 

С.Әліш 2000 жылдары әуез мектебінде оқушылардың ұлт аспаптары ансамблінен де сабақ жүргізді. Ізденістер мен еңбек нәтижесінде 
2006 жылы  оқушылардан ұйымдастырылған «Дарын» халық аспаптары ансамблі облыстық «Бозторғай» байқауынан бас жүлде алып, республикалық байқауға жолдама алды. С.Әліш облыстың бірнеше рет «үздік бас гитарисі» номинациясымен марапатталып, республикалық «Жас қанат» байқауында да «үздік бас гитара» номинациясына қол жеткізген. Қазалы ауданынан құрылған «Қазалы» эстарадалық ансамблінің жетекшісі қызметін атқарып, ансамбль облыста бірнеше рет байқау жеңімпазы атанған.