Алпысбай Қазығұлов — қазақстандық танымал суретші. Абстракционизм және сюрреализм жанрында қылқалам тербейтін ол Алматыда тұрады, сонда шығармашылықпен шұғылданады.

Алпысбай Қазығұлов — 1958 жылы 25 қыркүйекте Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркем-графикалық факультетін тәмамдады. 7 мыңнан астам кескіндемелік картинаның авторы. Картиналары еліміздің және шет елдердің өнер мұражайларында тұр, оған қоса отандық және шетелдік коллекционерлердің топтамасына енген.  

Алпысбай Қазығұлов — Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстан аумағында ғана емес, Ресей, Жапония, Нидерланды, Бельгия, Англия, Чехия, Түркия сынды шет елдердегі кәсіби бейнелеу өнері шеберлерінің көрмелеріне қатынасып, жеке көрмелерін өткізді. 2003 жылы Прагада Еуропалық өнер одағы әлемдік өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін суретшіні Масарик атындағы сыйлықпен марапаттады. 2013 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

 

Қазығұлов. Кескіндеме» атты альбомына жазған алғысөзінде әйгілі жазушы, орыс және қырғыз әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов:
— Алпысбай Қазығұловтың буырқанған бояуларға толы туындыларын осыдан 10 жыл бұрын, нақтырақ айтқанда 1996 жылы наурыз айында алғаш рет Брюссель қаласында көрдім. Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың суреттері мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті.   

Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шығармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар «модернистік» формада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді: Біз не үшін өмір сүреміз? Сүйіспеншілікті қалай түсінеміз? Адам табиғаттан жаралған ба, әлде жаратқан ба? Жан бар ма, әлде бұл жалған ба?.. Адамзат баласының ақылын алаңдатқан сауалдар.
Тек өнер ғана осындай таусылмайтын мәңгілік тақырыптарға терең бойлай алады. Алайда, шынайы шабыттан туған үлкен өнер ғана осы тектес сауалдарға жауап таба алады,— деп автордың шығармаларының салмақтылығына, тақырыптық тереңдігіне жоғары баға берген.

208-беттік альбом «Апрель» баспасынан 2100 дана болып жарық көрді. Полиграфиялық жұмыстарының жоғары сапалылығының арқасында (кітап Түркияда басылған) Алпысбай Қазығұловтың картиналарының бояулық және композициялық байлығымен еркін сусындауға болады. 


Кітап «Шелл» компаниясының қаржыландыруымен және «Шелл Қазақстан Девелопмент» компаниясының басқарушы директоры Мартин Фёрстлдің қолдауымен жарыққа шықты.