Алтынай Рамбаева Геннадьевна

Биылғы жылдың 1 шілдесінде «Маңғыстау – Астрахань» пойызының жолсерігі Алтынай Рамбаева сапар барысында атыраулық 9 айлық Фатиманы өлімнен арашалап, аман алып қалды. Атыраудан Ақтауға бағыт алған пойыз ішінде «бала шетінеп кетті» деген хабарды ести сала, алғаш болып ұмтылған осы Алтынай болды. Жолсерік А.Рамбаева клиникалық өлімдегі Фатиманың өмірі үшін екі сағатқа жуық уақыт арпалысып, 40 минуттан соң есін жиған сәби бүгін де дін-аман.

Алтынай Рамбаева «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалында жолсерік. Ол 1968 жыл 18 ақпанда дүниеге келген. Теміржолшылардың әулетінде дүние есігін ашқан кейіпкеріміз ата жолын қуып, саналы ғұмырын теміржол саласына арнады.  Алтынай Ташкент политехникалық институтында  электронды есептеу машиналары мамандығын меңгерген.

– Әйгілі теміржолшылар әулиетінде дүниеге келдім, әкемнің анасы әжем  темір жол саласында еңбек еткен, сонау тоқырау заманда бағдаршамның жоқ уақытында самаход деген майшаммен поездарды жүргіздік деп әжем марқұм айтып отыратын, - дейді кейіпкеріміз. – Әжем тыл еңбек қайраткері болған, ағымдағы жылдың мамыр айында 100 жасқа толып, өмірден озды. Әкем теміржолшы «Воостоновитель поезда» мекмесінің басшысы қызметін атқарды, 37 жыл еңбек етіп, «Почетный железнодорожник» марапатына ие болған. Шешем де теміржолшы жолсерік қызметін атқарды, қазір зинеткер, көп балалы «Алтын» алқалы ана.  Қазіргі таңда екі ағам, інім, сіңілім және жеңгем, отбасымызда 7 адам теміржолшы қызметіндеміз.

Осындай өнегелі еңбекпен шыңдалған отбасында тәрбиеленген Алтынай өз мамандығын өте жақсы көреді. Алтынай теміржол саласында 17 жыл қызмет етіп келеді.

– Менің іс-сапарымда көптеген жайсыз оқиғалар кездесіп жатады,- дейді жолсерік ханым. – Сол себепті, медицина маманы болмасам да, жолсерік ретінде жауапкершілікті сезініп, үнемі медициналық құрал, дәрі-дәрмектерді өзіммен бірге алып жүремін. 2006 жылы поезға 3 баласы бар аяғы ауыр әйел отырды. Толғағы қысқан әйелді жолда босандырып алған болатынмын. Жедел жәрдем мамандары сәбилі болған жолаушыны Шетпе кентінен түсіріп, алып қалды. Қасында келе жатқан үш баласы анасын алып қалғанға үрейленіп, қорқып қалды. Балаларға психологиялық көмек көрсетіп,  Ақтау қаласына дейін дін-аман жетікізіп, туыстарының қолына тапсырдым.  

Алтынайдың айтуынша, жазғы демалысқа лагерге бара жатқан балалардың арасында тамақтан улану оқиғалары жиі кездеседі. Сондай оқиғаның бірі  2016 жылы шілде айында Алматы – Маңғышлақ бағытындағы поезда орын алыпты.  Лагерден келе жатқан екі бала тамақтан уланып, қатты ауырған. Алтынай оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, мүмкіндігінше жолдан түсірмеуге тырысып, ата-анасына аман есен табыстырып, алғысына бөленген.

2017 жылдың шілдесінде  Астрахань – Маңғышлақ бағытындағы поезға Атырау қаласынан 9 айлық баласы бар жас ана отырған. 1шілде күні күн қатты  ыстық болған. Баланың жағдайы күрт төмендеп, сәби клиникалық өлімге түседі.  

– Сол күні ауа райы ерекше ыстық болды, - дейді жолсерік ханым сол бір сәтті есіне алып. – Фатиманың дене қызуы 40 градусты көрсетіп, клиникалық өлімге түсті. Бес жыл сайын аттестациядан өтеміз және онда алғашқы көмек көрсету жолдары туралы сынақ тапсырамыз. Себебі, пойыз шөл даланың ортасымен жүргенде оқыс оқиғалар орын алса, дәрігерлер табылмайды. Сондықтан, әрбір жолсерік алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын білуі тиіс. Фатиманың өмірін сақтап қалған әуелі Алла, мен тек себепшімін. Қолымнан келгенше алғашқы көмегімді көрсетіп, сәбидің өмірі үшін 2 сағат күресіп ажалдан аман алып қалдым.

Теміржолшылардың   кәсіби мерекесі қарсаңында Алтынай Рамбаеваға 9 айлық сәбиді клиникалық өлімнен алып қалған ерлігі үшін «Құрметті теміржолшы» атағы берілді. Жылдың төрт мезгілінде дамыл көрмей еңбек ететін теміржол­шы­лардың ең үлкен марапатын жолсерік Алтынай Рамбаеваға Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин табыс етті.

Тіпті Ресейдегі «Домашний» телеарнасы Алтынай туралы «ТМД жолсерігі» атты деректі фильм түсірген екен. «Қыркүйек айында Фатима бір жасқа толады, ол менің үшінші қызыма айналды. Ата-анасы Фатиманы мендей теміржолшы болатын шығар деп қалжыңдайды және оның тұсауын кесу мәртебесін маған тапсырды. Сый-сыяпатымды алып, Атырауға барғалы отырмын», - дейді А.Рамбаева.

Алтынай мақсаты – біреуге қол ұшын беріп жақсы атаққа ие болу емес, Алланың алдында сауапты іс жасау екенін алға тартады.

Жолсерік ханым өзі де екі бала тәрбилеп отырған ардақта ана.