Алтынбек Шәріпбай – техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының педагогика ғылымдары  академиясының академигі

ХХІ ғасыр ақпараттық технологияның дамып, халық арасында да кең қолданысқа ие бола бастаған заман. Білімде де, ғылымда да техникалық ғылымдар соның ішінде ақпараттық технология, IT саласының алар орны ерекше. Сол салада қызмет етіп, көптеген шәкірттер тәрбилеп, бірнеше жобаларды іске асырып жүрген Шәріпбай Алтынбек Әмірұлын 100 есім ішіне неге қоспасқа? Алтынбек Әмірұлы туралы келесі ақпараттарды атап өтсем:

Ол 1974 жылы С.М. Киров атындағы  ҚазМУ-ді  "Қолданбалы математика" мамандығы бойынша бітірді. 1981 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ-ң аспирантурасын "Есептеу машиналары, жүйелері және желілерінің математикалық және программалық қамтамасы" мамандығы бойынша аяқтады.  1989 жылы М. Тореза атындағы ШТ ММИ «Француз тілі» курсын аяқтады. 1990 жылы  Поль Валерий университеті (Франция)  ғылыми тағылымдамасын өтті.

Алтынбек Әмірұлы «Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандықтар тобы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты,  техника ғылымдарының докторы,  профессор,  Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының педагогика ғылымдары  академиясының академигі.

Алтынбек Әмірұлы информатика саласында ол продукциялық және логикалық программалау тілдерінің семантикаларын формалдады,  программалық және аппараттық құралдарды верификациялау әдістері мен алгоритмдерін құрды. Осы зерттеулер негізінде 1982 жылы «Символдық процессор тілінде программаның бөліктелген верификациясы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, ал 1996 ж. – «Есептеу машиналары мен жүйелерінің программалық және аппараттық құралдары верификациясы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оның ғылыми нәтижелері КСРО ірі ғылыми орталықтарына енгізілді:  1976-1981жж. - «Ғарыштық жүйелерді имитациялау тілінің трансляторы» Жуковск қаласындағы Ұщу-сынау институтында; 1988-1989жж. - «Цифрлық сұлбаларды верификациялау жүйесі» Зеленоград қ. Ғылыми-өндіріс орталығы; 1990-1991жж. - «Көппроцессорлы есептеу комплексі үшін параллельді программалау жүйесі» Москва қ. Электрондық есептеу техникасының халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы.

 Жасанды интеллект және компьютерлік лингвистика саласында ол қазақ тілінің математикалық теориясын жасады, қазақ тілінің жазбаша және ауызша сөйлеурін талдау мен синтездеу технологиялары және  интеллектуалды оқыту басылымдарын жасау технологияларын даярлады. Бұл жұмыстардың ғылыми нәтижелері 2002-2006 жылдары әртүрлі мекемелерде ендірілген және олар қазақ тілін және ісжүгізуді қашықтықтан оқыту жүйесін,  орта және жоғарғы білім берудің көптеген пәндерері бойынша  мультимедиалық оқыту программасын және тағы басқа компьютерлік программаларын жасау үшін қолданылды.

Ақпараттық технологиялар саласында ол әртүрлі автоматтандырылған жүйелер жасады. Соның ішінде: 1992-1994 жылдары «Құнды қағаздардың автоматтандырылған депозиттік жүйесі» Алматы қ. Мемлекеттік мүлік департаменті және акционерлік қоғамдарда ендірілді; 1994-1998 жалдары  «Коммуналдық төлемдерді есептеудің автоматтандырылған жүйесі» Алматыдағы қалалық коммуналды шаруашылық комитетінде және көптеген Пәтерлер меншіктерінің кооперативтерінде ендірілді; 1997-1998 жылдары «Сайлаудың автоматтандырылған жүйесі» Алматы қ. Бостандық ауданының әкімшілігінде ендірілді; 2003-2005 жылдары «Есеп комитетінің автоматтандырылған ақпараттық қоры» ҚР Есеп комитетінде ендірілді; 2003-2005 жылдары «Электронды оқу баспаларының автоматтандырылған жүйесі»  бірнеше орта мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ендірілді.

Алтынбек Әмірұлы Қазақстанда аналогы жоқ, адамды оқытып, оған жауап беретін, оқыту жүрісін бақылайтын, оған сұрақ қою, қойылған сұраққа берілген жауаптың мағынасын түсінетін, сонымен қатар білім деңгейін бағалайтын, жауаптар қорытындысы негізінде қателерді көрсететін қазақ тілі және жасанды интеллект негізінде әзірленген «Білім беру, білімді бақылау және бағалаудың интеллектуалды жүйесі» технологиясының авторы.

Ол 300-ден астам ғылыми мақалалар, 7 оқулық және 13 оқу құралдарын шығарды, 3 монография және  4 терминологиялық және түсіндірме сөздіктер. Көптеген мемлекеттік стандарттарды жасауда қатысты: 10 – ақпараттық технологиялар саласында, 2 – лингвистика бойынша, 9 – білім беру саласында.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өзекті мәселе ретінде көрсетілген қазақ жазуын латын қарпіне ауыстыру мәселесі бойынша бірнеше жылдар қатарында жұмыс жасап келеді. «Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру мәселелері» атты монографиясы 2017 жылдың мамыр айында жарық көріп, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында тұсаукесері өтті. Зерттеулер нәтижесінде қазақ тіліне арналған латын әліпбиінің жобасы дайындалды.

Бар күш-жігерін білім мен ғылым саласына арнаған, шәкірттеріне бар білгенін үйретіп, ІТ саласын дамытуға орасан зор үлесін қосып жүрген «Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандықтар тобы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының педагогика ғылымдары  академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры  Шәріпбай Алтынбек Әмірұлын 100 есім қатарынан табылуына лайықты деп санаймын.