Аманхан Әлімұлы - ҚР «Мәдениет қайраткері», «Ақиқат» журналының бас редакторы

Аманхан Әлімұлы елімізге есімі танымал ақын, публицист. Өзіне де, өзегеге де сыни көзбен қарай алатын тұлға. Ол "Кез келген шығармашылық – алдымен жауапкершілік пен арлылық. Оның бастауы – Иман. Ал, осы қасиеттер шығармашылық – лирикалық «менге» жол ашып, адами-азаматтық мен, менмендікке, кеудемсоқтыққа ден алдырмайды. Бастысы осыны ұмытпа. Қалғаны әуелі талант, сосын еңбек, ізденіс, біліммен келеді. Енді, прозаның да, поэзияның да негізгі көрсеткіштерінің бірі – тіл көркемдігін жетілдіруің керек. Тіл көркемдігі поэзиядағы поэтикалық тіл, образ, музыка, яғни, саздылыққа бастайтын бірден бір жол" деп жастарға қашанда менмендікке басып кетпеуге, ең бастысы адамның жауапкершілігі жоғары, арлы болуы ең құнды қасиет екендігін айтып отырады.

Аманхан Әлімұлы 1952 жылы 20-қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында дүниеге келген. 1969 жылы орта мектепті бітіріп, азаматтық борышын өтеуге Қиыр Шығыста аттанған. 1972 жылы әскерден оралған ол, нәпақа табу үшін Алматыда құрылысшы болып жұмысқа орналасады. Араға үш жыл салып Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1980 жылы сәтті аяқтап шығады. Одан кейін білімін шыңдау үшін Мәскеудегі М.Горький атындағы Бүкіл әлемдік Әдебиет институтының жоғарғы курсына оқуға түседі. Журналистика саласындағы қызметін республикалық танымал газеттерден бастаған. Ол «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерінде жұмыс істеген. 1994 жылдан 2012 жылға дейін «Заң газеті» басылымында жауапты хатшы, соңы шолушы болып қызметтер атқарды. 2012 жылдың сәуір айынан бері «Ақиқат» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарып жүр.

Ақынның тұңғыш топтама өлеңдері «Бес қоңырау» атты жыр жинағына жарияланып, одан кейін оның «Жанымның жапырағы», «Кездесу», «Таудан аққан тасбұлақтар» және «Ай нұры алақанымда» атты жыр жинақтары жарық көреді. Ал 2011 жылы ақынның «Өткірдің жүзі» атты публицистикалық мақалалар жинағы жарық көрді.