Амантай Жарылқасынұлы Шәріп 1965 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген.

1988 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік тәмамдаған. ҚазҰУ-да стажер-зерттеуші, асистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болды. 1996-1997 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарған. 1997-2000 жылдары ҚазҰУ-дің докторантурасында оқыған. 2000-2004 жылдары Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі, гуманитарлық институт директорының орынбасары, әлеуметтік жұмыстар жөнінде проректор қызметтерін атқарған.

2004-2005 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры қызметін атқарған. 2005–2006 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары. 2006-2007 жылдары Әдебиет және өнер институтында бас ғылыми қызметкер, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2008-2012 жылдары «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы. Қазір Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры. 

Өлеңдері мен әдеби-сын мақалалары республикалық баспасөзде 1979 жылдан бастап жарық көрген. Шығармалары «Қарлығаш», «Ұлы дала жырлары», т.б. жинақтар мен антологияларға енген. «Құбыла» атты жыр кітабы шықты. «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші», «Қайраткердің қаламгерлігі» зерттеу еңбектерінің, «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея атты ғылыми монографияның авторы.
«Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты. Филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі.