Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі.

Ол 17 қаңтар 1940 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Қызылту ауылында туылған. 1965 жылы Алматының Құрманғазы атындағы өнер институтын, 1972 жылы Москваның А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтының жоғарғы режиссерлер курсын бітірген.

1963 жылдан актер, 1965-67 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында актер, 1967-90 жылдары Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында актер, режиссер, бас режиссер болып қызмет атқарған. 
1991 жылы жаңадан ашылған Қызылорда облысының телевидениесінде бас режиссер болып, облысымыздағы телехабарлар таратудың басында болған білікті маман. 
1992 жылы Б.Римова атындағы Алматы облыстық Талдықорған драма театрының бас режиссері, 2003 жылдан бүгінге дейін Қызылорда театрының көркемдік жетекшісі болып қызмет істеп келеді.

Режиссер Қызылорда, Талдықорған, Алматы, Шымкент, Орал театрларының сахнасында әртүрлі жанрдағы, әртүрлі стильдегі 150-ден аса спектакльді қойған. Қазақ, орыс, шетел классикасының нәрлі шығармаларын, қазіргі қазақ драматургиясының маңдай алды туындыларын әр кезде сәтті қойып, үлкен беделге ие болған суреткер. Шығармашылық жетістіктері үшін КСРО Мәдениет министрлігінің, 2 мәрте ҚР Мәдениет министрлігінің, Қызылорда және Алматы облысы әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталған. 2000 жылы режиссер «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған.

Қызылорда облысының көлеміндегі халық театрларында 15-тен аса спектакльді сахналап, ауыл өнерпаздарын тәрбиелеуде сіңірген еңбегі үшін екі мәрте КСРО Мәдениет министрлігінің «Ауылға мәдени-шефтік қызмет етудің үздігі» деген белгісімен марапатталған. Режиссердің еңбегі туралы кезінде «Советская культура», «Театральная жизнь» басылымдары, республикалық газет-журналдар жазды. Белгілі сыншылар М.Қаратаев, Б.Құндақбаев, Ә.Сығай, С.Қабдиева «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің беттерінде режиссерға көлемді мақала арнап, еңбегін жан-жақты бағалады.

1976 жылы Минскіде өткен фестивальге, 1981 жылы Берлин фестиваліне, 1984 жылы Душанбеде өткен фестивальге, 1988 жылы Кишиневте өткен Ион Друцэнің фестиваліне қонақ болып қатысып, Қазақстан театрлары және Қызылорда театры жөнінде сөз сөйлеп, хабарламалар жасады. 

Туристік жолдамамен Ресей театр қоғамы (РТО) ұйымдастырған арнайы  іс-сапарлармен Германияда, Чехословакияда, Польшадағы театрларда спектакльдер көріп, тәжірибе жинақтады. 2005 жылы қазақ драматургиясының классиктері Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің «Аласапыран» атты спектаклін қойып, Қазан қаласының 1000  жылдығына арналған фестивальге, 2012 жылы Түркиядағы Кония қаласында өткен «Мың тыныс, бір үн» фестиваліне түрік драматургі Тургай Нардың «Төбекөз» спекталімен, 2013 жылы екінші рет Қазан қаласында өткен фестивальге қатысып қайтты. Режиссердің қойған спектакльдері сыншылар тарапынан жылы лебіздерге ие болып, жақсы дәрежеде бағаланды. 2015 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы күндері аясында Лондон халқына Дулат Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын ұсынып, ағылшын халқының зор ықыласына бөленіп қайтты. Режиссердің қойған спектакльдері сыншылар тарапынан жылы лебіздерге ие болып, жақсы дәрежеде бағаланды. 

Қорыта айтқанда, Х.Ж. Әмір-Темір шығармашылық жарқын еңбегімен республикамызға белгілі өнер иесі. Әрбір туындысы көрерменнің көзайымына айналған, егемен елінің сүйіктісі болған білікті режиссер.