Анар Жаппарқұлова – айтыскер-ақын, филология ғылымдарының кандидаты

Анар бірнеше республикалық айтыстардың жүлдегері, сондай-ақ, филология саласында ғылыми жұмыстармен айналысып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысының рухани-мәдени саласы мен өнерінің дамуына лайықты үлес қосып жүр.

1977 жылы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Ш.Қалдаяқов атындағы орта мектепті үздік бітірген (1994). Мектеп қабырғасында жүрген уақыттан бастап аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысқан. Семей қаласында Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған Республикалық оқушылар арасындағы айтыста ІІІ-орын, І.Жансүгіровтің туғанына 100 жыл толуына орай Талдықорған қаласында өткізілген республикалық оқушылар айтысында бас жүлдені иеленген.

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ-дің филология факультетін үздік дипломмен тәмамдаған (1994-1998). «Манас» батыр дастанының 1000 жылдығына орай өткізілген Халықаралық ақындар айтысында жүлделі ІІ орын (Бішкек,1996), Мұсабек Байзақұлының 150 жылдыған арналған Республикалық айтыста ІІ орын (Түркістан), С.Ерубаевтың 80 жылдыған арналған облыстық айтыста ІІ орын, Әмір Темірдің 660 жылдығына арналған Республикалық айтыста І-орын иеленген. 1998 жылы Халықтың рухани жаңғыруына және қазақстандық отаншылдықты қалыптастыру ісіне қосқан айрықша шығармашылық үлесі үшін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Зерде» стипендиясының иегері болды. Қазақстан халықтары тілдерінің І республикалық фестивалі аясында өткізілген «Ана тілім ардағым» атты республикалық айтыста І орын (Астана ,1999), Алпамыс батыр дастанының 1000 жылдығына орай өткізілген Халықаралық айтыста Бас жүлде (Жетісай), О.Бөкейдің 60 жылдығына арналған «Мұзтаудың мұзбалағы» атты Республикалық айтыста Бас жүлде (Өскемен) иеленді. 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының рухани-мәдени саласы мен өнерінің дамуына лайықты үлес қосқаны үшін «1999 жылдың ең үздік суырып салма ақыны» атағы берілді.

Түркістан қаласының 1500 жылдығына және Домалақ Ана құрметіне арналған Республикааралық айтыста ІІ орын (2000), Республикалық «Наурыз» айтыста ІІІ орын (Шымкент,2004), Н.Оңдасыновтың 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыста ІІ орын (Түркістан), Ж. Жабаевтың 160 жылдығына арналған Республикалық «Наурыз» айтыста ІІІ орын (Шымкент,2006), Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына, Ж.Қуанышбаевтың 110 жылдығына орай өткен халықаралық айтыста ІІ орын (Жамбыл облысы), М. Мерәліұлының 165 жылдығына арналған Халықаралық айтыста ІІІ орын (Орал), Республикалық ақындар айтысында ІІІ орын (Шымкент,2007), осы жылы Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күніне орай ұйымдастырылған «Ұлт намысы – менің намысым» атты облыстық ақындар айтысында Бас жүлдені жеңіп алды. 

Созақ ауданының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Сырлы Созақ сырлары» атты Республикалық айтыста ІІ орын (2008), Р.Бердібайдың 80 жылдығына орай Түркістан қаласында өткізілген Республикалық айтыста І орын, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қ.Мұңайтпасовтың 140 жылдығына арналған халықаралық айтыста ІІ орынды (Темірлан,2011) жеңіп алды. Сондай-ақ жазба поэзияға да өзіндік үн қосып жүрген ақын қыз. Ол 1999 жылы Ш.Қалдаяқовқа арналған ақындар мүшәйрасында ІІ орынды иемденген.

2004 жылдан бастап ҰҒА академигі Р.Бердібайдың жетекшілік етуімен Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылық мұрасын зерттеді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2010 жылы 22 қазанда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында «Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылық мұрасы» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атағын алды.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет етті. 2011 жылы бұл оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты (ОҚМПИ) болып өзгертілді. Осы оқу орнында 1998-жылдан бастап үздіксіз аға оқытушылық қызмет атқарады.