Аңсаған Мұстафа - суретші, аниматор, әлеуметтік желі белсендісі.

Ол 1979 жылдың 12 қыркүйегінде Атырау облысының Миялы ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Алматы қаласының сурет колледжін тәмамдағаннан кейін, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының графикалық дизайн бөлімінің студенті атанып, академия қабырғасында А.Дүзелханов, А.Омаров, М. Қыдырбаевтардан дәріс алған. 1991 жылдан бастап «Ақ босаға» газетінде көркемдеуші редактор қызметін атқарып келеді.

2014 жылдан бастап әлеуметтік тақырыптарға арналған "Сөйле, сурет!" көрмесін өткізіп келеді.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында қазаққа ортақ тұлғаларды, салт-дәстүр мен ұлттық символикаларды, қалаларды бейнелелейтін 55 түрлі қазақы жейденің "Шашу" көрмесін өткізді.

Бұл күнде суретшінің қазақы нақыштағы футболкаларға қол жеткізгісі келген барша қазақстандықтарға арнап "Аңса" интернет дүкені жұмыс істеп тұр.

 

Ең бірінші суретім 15 жасымда салынған екен. Ол «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп аталады. Көбі таң қалып, әлеуметтік мәселелерді суреттерді сөйлете отырып көрсетесің деп жатады. 11 жасымда анам «Ақ босаға» газетін ашты. Мен редакцияда өстім десем де болады. Сол кезде түрлі тағдырлардың куәсі болдым. Проблемаларды өз көзіммен көрген соң, қорқып өстім, көңілге түйгенім де болды. Бір күні редакцияға келген әйел күйеуі ұрып-соғатынын айтып, жағдайын түсіндірді. Алматыдағы туыстарын тауып алғанша баласын қалдыра тұрайын деді. Сөйтіп, баланы анам алып қалды. Бірақ кешке әлгі әйел келмеді, ертеңінде де солай. Ол баласын тастап кеткенін сезгенде, полиция шақырдық. Олар «Неге ерте шақырмағансыңдар, біреудің баласын неге алып қалдыңдар?» деп өзімізді сұрақтың астына алды. Әлгі бала жетімдер үйіне түсті. Балаға үш-төрт рет бардық. Анамды мама деп, жылап қалатын. Келесі барғанымызда бізге келмеді. Сол кезде өзім кішкентай баламын. Зәрем ұшып, қорқып қалдым. Осындай фактілер әлеуметтік тақырыптарға бет бұрғызды. Сондай суреттерді көп салдым.

2010 жылы Фейсбук әлеуметтік желісіне тіркелдім. Онда әркім өзінің өлеңін салады, әңгіме жазады. Сөйтіп "лайкомания" деген ауруға ұшырадық. Ол кезде «Ақ босаға» газетіне иллюстрация салатынмын. Газет шыққанда оны суретке түсіріп, мынау менің жұмысым деп көрсететінмін. Сөйтіп, лайк көбейе бастады. Содан «Ақ босаға» газеті шыққанша шыдамым жетпей, бірінші газетке емес, парақшама сала бастадым. Ойлап қарасам, бұл жақсы дүние екен. Себебі, желідегі қыздар суретті көрдім, ойландым деп хат жаза бастады. Жастар әлеуметтік желіде көп отыратын болған соң, оларға әсер ететінін көрдім. Босқа отырмай, аздап болса да осындай ой сала жүрейін деп шештім.

Суреттеріме идея айтатындар көп. Өзіме ой келгенде сөзі де, сурет те бірге келеді. Ал біреу айтса, кейде шықпай қалып жатады. Кейде жақсы идеялар айтылса да, оларды жеткізу қиын болады.

Мысалы, менің мына «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретке 12 жастағы бала көңіл аудармайды. Ал ертең 15-16-ға келген кезде ойлана бастайды. Яғни, бұл айналып келе беретін тақырып. Ең көп тараған осы сурет болды.

Өз көзіммен он шақты тілде көрдім. Түрікше шыққан кезде көбі сенбеді. Сенен көшіруі мүмкін емес дегендер болды. Бірде жаңалықтардан баласын қоқысқа тастап кеткен ана туралы естідім. Бұл сурет сол кезде пайда болған. 

Негізі, көрмені жасайтын ойым болған жоқ. Бір күні танысым ойда жоқта көрме қашан деп сұрады. Мен бұйырған күні десем, ол нақты жауап айт деді. Сөйтіп, күзде деп айттым. Көрме өткізетін жер іздеп ұзақ жүрдім. Керуен сауда орталығын таңдамақ болдым. Олар негатив керек емес деді. Кітапхана кейінге шегерді. Музейде өткізейін десем, ол жерде адам аз. Шынымды айтсам, маған өнер сыншыларының пікірі маңызды емес. Олардың ойларынан гөрі, маған жастар керек. Соларды ойландырғым келді. Алғашқы көрме Гумилев атындағы университетте өтті. Астанада көрме өткен күні Алматыдағы метродан хабарласып, осы көрмені қоюымды сұрады. Екі апта университетте тұратынын айтып едім, «Содан кейін бізде өтсін, біз жарнамалай береміз», деді. Одан кейін Шымкенттен сол кездегі ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли хабарласты. Ол жақта да бізге қашан келеді деп сұрап жатыр екен. Алматыдағы көрмеден соң арасына 3-4 күн салып, сонда өткізетін болдық. Теміртауда, Жамбылда, Талдықорғанда, Қызылордада, Атырауда өтті.

Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады дегенді естіп, суретші ретінде өз тарапымнан не қоса аламын деп ойландым. Сосын жазда бәрі қазақша оюмен, қазақы нақышта киініп жүрсе деген ой келді. Фотосалондар өзің қалаған суретпен футболкаға жасайтынын білемін. Мен сурет салсам, ұнатқан адам өзі сол фотосалондарға жасатып алар деп, әлеуметтік желіге ойымды жаздым. «Егер 550 лайктан асса, осындай қазақы футболканың 55 түрін саламын» деп жазып едім, көрсеткіш мыңнан асып кетті. Сөйтіп, хандығымыздың 550 жылдығын жарты жыл бойы сурет салдым. Салт-дәстүр, ұлттық ойындар, ата-бабаларымыз бен батырларды қамтуға тырыстым. Барлығы дайын болған соң Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің 55 студенті футболкаларды киіп, флешмоб ұйымдастырды. Одан кейін Таразда үлкен той болған кезде, дизайнын интернет арқылы салып жібердім. Олар өздері футболкаға шығарып, сол киіммен дүбірлі тойда би билетті.

«Мамам мені өлтіретін шығар» деген сурет тарап кеткен кезде шетелдік достар көп пайда болды. Сол кезде Италияның Сиракуза қаласынан Benedetto Speranza деген кісі хат жазды. Футболкаларды өзің жасап сатып жатырсың ба деп сұрады. Жоқ, елдер өздері жасатып жатыр десем, ол таң қалады. Дизайндары тегін ба деп сұрайды. Иә десем, жарты жылдық еңбегіңді тегін таратқаның не дейді. Мен оған «Сіз білесіз бе, бізде отаны үшін өмірін береді, жарты жыл еңбек деген не?» деп жауап бердім. Сол кісі өзі футболка шығарумен айналысады екен. Маған видео арқылы қоңырау шалды. Гугл аудармашымен аударып, қажетті құралдардың қазақша атауларын жабыстырып қойыпты. Солардың бәрін көрсетіп, таныстырып, бәрін түсіндірді. «Маған ең қиыны, сурет салу. Ал сен өзің саласың емес пе?» деді. Бір суретіме клише жасап, поштамен салып жіберді. Сөйтіп, осы істі қолға алуға себепкер болды.

Ұсыныс көп болды. Әсіресе ауылды жерлерден өзің істетіп беріп жіберші, бізде фотосалон жоқ дегендерге салып жіберіп отыратынмын. Мен футболкаға салатын суреттерге көп уақытымды жұмсаймын. Себебі, шынайы болу керек деп ойлаймын. Мысалы, бөріні салсам, ол тұп-тура бөріге ұқсап тұруы керек. Соған уақытымды арнаймын. Қазір ansa.kz деген сайтымыз бар. Сол сайтта 600-ден астам әртүрлі суреттері бар футболкалар жиналып қалды.

Футболкалар шығарғандағы мақсатым – ұлттық нақыштағы тауар қымбат болуы керек деген ойды түбегейлі жою. Менің ойымша, кез келген қазақ ою-өрнегі бар киімді қиналмай сатып алатындай болу керек. Сол үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін, бұйырса.