Әселхан Қалыбекова – айтыскер ақын

Талантты ақын Түркиядағы, Ташкенттегі халықаралық ақындар айтысына қатысып, жеңімпаз атанған. Арқалы ақынның «Алладан пәрмен сұраған» (1999), «Басыңды тікпей бақ қайда?» (2001), «Әселхан әлемі» (2008), «Сырттап кеткен тамырлар» (2004) кітаптары жарық көрген.

Әселхан Әлішерқызы 22-cәуір 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Көксарай ауылында дүниеге келген.

 «Сыр бойының сүлейі» атанған Ергөбек Құттыбайұлының немересі. Әселхан ұзақ жыл Шәуілдір ауылындағы метеорология станциясының метеорологы болып істеген. Отырар мемлекеттік археологиялық корық-музейінде істеп, музейдің ғылыми–зерттеу, ғылыми-ағарту, ғылыми-көпшілік т.б. сан-салалы жұмыстарын тындырымдылықпен атқарып, білім - тәжірибесін, беделін ұлттық асыл мұрамызды жинауға, сақтауға, зерттеуге, ел игілігіне айналдыруға жұмсаса, кейін Отырар аудандық мәдениет бөлімінде істеп, егеменді Республикада тұңғыш рет «Ақындар мектебін» ашып, туған халқымыздың сан ғасырлық тарихы бар ғажайып айтыс дәстүрін қайта жандандыру мақсатымен ғалым, ақын–жазушылар Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, Н.Ғабдуллин, М.Әлімбаев, С.Иманасовтардың ақыл-кеңесімен ХХ ғасырдың 80-жылдары ел ішінен айтыскер таланттарды іздеп, тауып Жүрсін Ермановпен бірге телевизиялық айтысты белсене ұйымдастырып, өзі де талай-талай айтысқа түсіп, бас жүлделерді жеңіп алып, Бекарыс Шойбеков, Жәкен Омаров, Анар Жаппарқұлова, Маржан Есжанова, Елена Әбдіхалықова, Ханша Райсова, Гүлнұр Садыбаева т.б. жас айтыскер ақындардың өрелі бір тобын тәрбиелеп шығарды. Ақын атасы Ергөбек Құттыбайұлы шығармаларының толық жинағын «Ергөбек шығармалары» деген атпен құрастырып шығарды (2010). Ол қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, бірнеше рет кеңес, мәслихат депутаттығына сайланды. Әселхан Қалыбековаға 1990 жылы 9 Сәуірде Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен қазақтың халық ауыз әдебиетін дамытуда сіңірген еңбегі және еңбекшілерге адамгершілік–эстетикалық тәрбие беру жөнінде белсене қызмет атқарғаны үшін «Қазақ ССР Халық ақыны» құрметті атағы берілді. Тәуелсіздік жылдары «Парасат» орденімен марапатталған.