Әшімбек Қонысбеков – зейнеткер-педагог, күйші-композитор, ҚР Композиторлар одағының мүшесі

Әшімбек Қонысбекұлы «Қонысбековтер» отбасылық ансамблінің жетекшісі.Қаланың білім және мәдениет саласында 40 жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаз. Қазақ күй  өнерінің  дамуы мен зерттелу ісіне  зор үлес қосқан, талай күйші-шәкірттер тәрбиелеген дарабоз талант иесі.

Ол Кентау қаласы С.Байтереков атындағы саз мектебінің ардагер-ұстазы. Баспадан жарық көрген «Ғұмыр перзент», «Ана құдіреті», «Яссауи  толғауы», «Домбыраға арналған педагогикалық репертуар»», «Музыка  пәнін оқытудағы жаңа технологиялар» тақырыптарындағы оқу әдістемелік құралдарының авторы.  «Мұра»  күй-поэма, «Шаттық думан» атты күй Құрманғазы атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің репертуарына  енгізілген. «Шаттық думан», «Жігер» атты күйлері облыстық оқушылар өнер  фестивалінің  халық аспаптар оркестрінің міндетті орындалатын шығармасы болып енгізілді.

ҚР Парламент сенатының депутаты Ә.Бектаевтың «Оңтүстіктің 100 күйі» атты ғылыми еңбегінің  күйлер жинағына 7 күйі енгізіліп облыстық барлық музыкалық оқу орындарының педагогикалық репертуарына енігізіліп орындалып жатыр. 2017 жылы С.Байтереков атындағы саз мектебінде  Қонысбеков атындағы көрме сыныбы ашылды.

Әшімбек Қонысбековтың «Лучшие люди, Лучшие в образований» Үлкен халықаралық энциклопедияға 2017 жылы  аты-жөні, жетістіктері, суреті енгізілген. Республикалық  «Музыкалық  жетекшінің анықтамалығы» атты  журналға  авторлық шарт  №355-13 жасалып, жас бүлдіршіндер мен  оқушыларға арналған әндер шығарып, авторлық жұмыс атқарып жатыр.