Әшімқұл Ақпейілов – «Ел бірлігі» қауымдастағының орынбасары

Ол ұмыт бола бастаған батырлардың басына кесене салып, ескерткіштер орнатуға демеушілер жинап, игі істің ұйытқысы болып жүр. Тарихи шежірелерді бір арнаға тоғыстырып, бүгінге дейін бірнеше кітаптар шығарды. 

Әшімқұл Ақпейілов еңбек жолын Меркі МТС-інде тіркемеші, тракторшы болып бастап, бригадир, жөндеу шеберханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ауыл шаруашылық институтында білімін толықтырған соң, Қаскелең, Іле аудандарында мекеме басшылығында жұмыс істейді, одан кейін Іле ауданына қарасты Бұрындай аулының атқару комитетінде басшылық қызметте болады. Алматы қаласындағы Әуезов ауданы әкімшілігінде қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан.

Зейнеткерлікке шыққалы бері, Әшімқұл Ақпейілов көптеген игі істердің басы-қасында жүр. 2001 жылы құрылған «Ел бірлігі» қауымдастығының төрағасы Хамит Рақышев және тағы басқа көп азаматтармен біріге отырып, 2001- 2005 жылдары елін, жерін қорғаған, бұл күндері аттары ұмыт бола бастаған халық батырларына екі кесене, бір ескерткіш орнатуға күш салды. Бұл іс сонымен тәмән болмай, 2013 жылға дейін халыққа еңбегі сіңген адамдардарға тағы да екі ескерткіш пен он төрт белгітастар орнатылды.

«Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады» – деп елбасымыз айтқандай, Ә.Ақпейілов «Ел бірлігі» қауымдастығының орынбасары болып жүріп, халықтың көмегімен жиналған тарихи шежірелердің басын біріктіріп,  демеушілердің арқасында «Бабалар рухына тағзым» атты сегіз кітап шығарып, оны елге тегін таратты.