Бақыт Төлеутайұлы 1982 жылы 28 наурызда дүниеге келген. Ол «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

1997 жылы Қызылорда қаласындағы №70 қазақ орта мектебін тәмамдап, 2000 жылы «Есеп – сауда» колледжін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірді. Тумысынан ізденімпаз жан мұнымен тоқтамай, 2000-2002 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетін сырттай «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын игерген.

Еңбек тәжірибесіне үңілсек, 2000-2002 жылдары «Гарант – 2» мекемесінде есеп контролері, 2002-2006 жылдары «Қызылорда Су жүйесі» мекемесінде ақпарат бөлімінің басшысы, 2006-2012 жылдың шілдесіне дейін жеке кәсіпкер болған екен. 2012 жылдың шілдесінен бастап «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқаруда. 2008 жылдың наурыз айында шаңырақ көтеріп, бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған ұлағатты әке.

Бақыт Төлеутайұлының еңбегі еленіп, тиісті бағасы беріліп келеді. Оның марапаттарының арасында Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты (2013 ж), Республикалық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауының «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орын дипломы (2013 ж), Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының Алғыс хаттары (2013 ж),  Қалалық жұмыспен қамту орталығының Алғыс хаты (2013 ж), Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Алғыс хаты (2013ж), Психикалық жүйке аурулары интернатының Алғыс хаты (2013 ж), Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің Алғыс хаты (2013 ж).

Түрлі кәсіптің басын біріктіріп, істі ұршықша иіріп отырған Бақыт Жұмашев өзі де табыс табады, өзгелерге де қол ұшын созады. Бақыттың өз баспаханасы, компьютерлік оқыту орталығы, жарнама агенттігі және жиһаз жасау цехы бар. Баспаханада компьютерлік қызметтің барлық түрлері көрсетіледі. Бет қаттау, теру, көшірме жасау, түрлі-түсті қағаздар басып шығаруға бүгінгі күні сұраныс өте жоғары. Бақыт ата-анасы мүгедек, аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттер үшін осының бәрін тегін ұсынып отыр. Кәсіпкер пластиктен есік-терезе жасауды қолға алды, орайын тапса өзге де кәсіптің көрігін қыздырмақ. 

Бақыт Жұмашев қай жағынан болса да үлгі тұтарлық азамат. Оның еңбекқорлығы, мәрттігі, кәсіпкерлігі, жігері жастарға мотивация береді. Өз физикалық мүмкіндігі шектеулі болса да, көптеген жандарға табыс табуға мүмкіндік беруде. Қазір ол ондаған мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Тек жұмыс беріп қана емес, оның орталығы мүгедектер мен жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсетеді.  «Бәсекеге лайықты бизнес өркен жаюы үшін өзіңнің күшіңе деген сенімділік пен ерік-жігер қажет және сол бастаған істі аяғына дейін апарып, табысқа қол жеткізу үшін түрлі тосқауылдарға мойымас табандылық пен  сабыр қажет. Ал, меценаттыққа келсек, мұқтаж жандарға көмектесе отырып, мен моральды тұрғыда қанағаттанамын», – дейді Бақыт Төлеутайұлы.