Бақытжан Бұқарбаев - саясаттанушы, журналист, суретші. 

Ол 1987 жылдың 27 наурызында Алматы қаласында дүниеге келген. 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Философия және саясаттану» факультетін тәмамдаған. Ол «Алматы сегодня», «Қарулы қақтығыстардағы ақпараттық технологиялар: әлемдік тәжірибе және келешегі», «Қазақстан-2050. Терминологиялық анықтамалық» және «Күміс кітап» еңбектерінің авторы. 2014 жылы «Өмір шеңбері», 2015 жылы Алматы және Астана қалаларында Шұбаркөл кен орнының 30 жылдығына арналған жеке сурет көрмелерін өткізген.

2012 жылы ҚР Президентінен алғыс хат, 2013 жылы «Нұр сұңқар» республикалық байқауының жеңімпазы.

Сондай-ақ, ол Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында шығарылған мерейтойлық монетаның идея авторы.

Қазақ тілін дамытуға арналған «Мен қазақпын» жобасының авторы.

 

Мен қазақпын” жобасы осыдан екі жыл бұрын пайда болды. Мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін қалай үйренгенін айта келіп, көрерменді тіл меңгерудің әдіс-тәсілдерімен таныстыру, нақты тәжірибелермен бөлісу еді. Алғашында жоба мәтін форматында шыққан болатын, кейін осындай сұхбаттарымыз бейнеформат түрінде де жүзеге асты. Әрине, бұл тұрғыдағы сұхбаттар бұрындары да қазақтілді газет-журналдарда жарық көретін, алайда бұл ақпаратты орыс тілінде берсем, материалдың құндылығы, берер пайдасы молырақ болады деп ойлаймын.
Бағдарламаның 25 шығарылымның ішінде қазақ тілін үйрену тәсілінің 25 моделі ұсынылды. Қазір бізде қазақ тілінде дұрыс сөйлеу үшін, ауылдық жерге баруды міндет деп санайтындар аз емес, алайда біздің бағдарламамыз бұлай емес екенін дәлелдей алды. Қонақтарымыздың жартысы ауылдан болса, жартысы қала тұрғындары. Мысалы, ұлты орыс бір қонағымыздың мамандығы арабтанушы-тын. Араб тілін меңгеріп, жұмыс бабымен Түркияға барғанда ол араб және түрік тілдері арасында ұқсастық барын байқап, түрікше де үйренеді. Кейін Қазақстанға оралғанда түрік тілінің негізінде қазақ тілін де оңай меңгеріп алған.
“Мен қазақпын” – ана тілімізге арналған жобаларымның ортақ атауы. Бірінші тармағы – мәтін, бейне форматында шыққан сұхбаттар, сосын 2014 жылы ашқан курстарым, кейін “Бас қосу” клубының ұйымдастырылуы. Тағы бір бағыты – толық метражды мультфильмдерді қазақ тіліне аудару. Аударма жағын биыл бастадым, бұл оңай шаруа болмады, едәуір уақытты талап етті де жұмыс баяу жүрді, әрі бүкіл жұмыс барысы өз мойнымда, сондықтан да әзірше екі туындыны ғана аудардым.

Ал клуб болса – тіл үйренсем деген жұртшылықтың қажеттілігінен туды, әрине, оларға орта керек. Содан екі аптада бір рет осындай тегін кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Клубқа қатысатындардың көбі оқуын бітіріп, жұмыс істеп жатқан жастар және олар тек тіл жаттықтыру үшін ғана емес, жұмыстан шаршап шыққанда, көңіл-күйлерін көтеріп, жақсы эмоция алу үшін, маңайындағы жұртпен танысып-білісу үшін келеді.

Бұл жобаларға халқыма, еліме пайда келтіріп жатырмын деп қараймын. Қаражатсыз, демеушісіз жұмыс істеу үшін құлшыныс та, намыс та, мінез бен жігер де қажет. Тағы бір айта кететін жайт, осы жобаларға көмек көрсеткендер де жоқ емес. Бірде Фейсбук желісінде өзім танымайтын бір кәсіпкер жігіт хабарласып: “Үлкен бизнесмен болмасақ та, бір топ жігіттермен ісіңізді құптап, аздаған қаржылай көмек жасағымыз келеді. Кезінде Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сияқты Алаш азаматтарына көрсетілген қаржылық көмек іспетті қабыл алыңыз”, - деп жылы лебіздерін жеткізіп, 400 АҚШ долларын жіберді.

Сонымен қатар, клубтағы кездесулерде маңызды рөл атқаратын Анар Баршаху есімді оқытушымыз да осы жобаға көп еңбек сіңірді. Және де “Бас қосу” клубы пайда болғаннан бастап, қазақ тілін таза білетін Бақытжан Мұхамедиұлы, Ерден Зікібай сынды екі досым волонтер ретінде көмекке келіп, әлі күнге дейін осы жобаға белсенді түрде қатысып, жәрдемдесуде. Осы кісілерге деген алғысым шексіз.

Ал “Бас қосу” клубы табыс әкелмейді, ол рас, себебі әуел бастан оны әлеуметтік жоба ретінде айқындап алдым. Ақша ұсынғандар да болды, бірақ мен алмадым. Себебі ақшамен теңгерілмейтін істер де бар. Бірақ, табыс әкелетін курстарым да жоқ емес, онда, мысалы, біз компаниялармен жұмыс жасаймыз. Ал клубқа қатысты жоспар дегенде, қазір көбінде “мұндай басқосулар Астанада  неге жоқ?” немесе “кездесулерді апта сайын неге жасамасқа?” деген ұсыныстар келіп жатады. Мүмкіндік болса, осыны да ескеруге болады. Оған қоса, әңгіме барысына қазақы реңк беру үшін, шай демдеп, дастарқан жаюды да ойлаған едім. Бұлар әзірше уақыт еншісінде.