Кардиохирург Бақытжан Нұркеев 1984 жылдың 11 қазанында Оңтүстік Қазақтсан облысы, Ордабасы ауданы, Төреарық ауылында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясында жеті жыл білім алған. 2008 жылы интернатураны тәмәмдаған соң, Болашақ бағадарламасымен Мәскеу қаласындағы Бакулев атындағы жүрек-қантамыры институтында балалар кардиохирургиясы бойынша білімін толықтырған.

Бақытжан Әбидуллаұлы 2011 жылы Ұлттық ғылыми медициналық орталығына жұмысқа орналасып, неше жылдық жиған білімін тәжірибемен ұштастыра бастады. Ең алғашқы отасы 2012 жылдың ақпан айының алғашқы күндері еді. Отаға Шухрат Марасилов жетекшілік етті. Бұл күн Бақытжанның әлі көз алдында.

"Жүрекше аралық ақаудың кеңістігін жабу керек. Бірінші жұмыс кеуде қуысын ашу. Ол үшін жүректі жасанды аппаратқа қосып, жүректі уақытша тоқтату қажет. Әр кезеңнің жауапкершілігі бар, бір қателік баланың өміріне қауіп тудырып, тіпті бұл дүниемен қош айтыстыруы мүмкін. Толып жатқан тамырларға зақым келтірмей кеуденің қуысына еніп, жүректі тоқтатамыз. Мұның да өзіндік ережелері бар, тоқтатқан жүректі қайта іске қосуымыз керек қой. Тігу барысында да аса сақтықпен жұмыс жасаймыз. Қателессек, екі қарыншаның фунциясын жоғалтып алуға болады. Бұл баланың өмір бақи мүгедек болып қалу қаупін тудырады. Міне, осылай жетекшім қасымда болып, алғашқы отамды өткеріп шықтым" - дейді дәрігер. 

Бұл отадан соң 300 астам сәтті ота жасалды. Бұл жүректер қайта соғылып, қазір еліміздің түпкір-түпкірінде ізгілік отын ары қарай таратуда. Бақытжанның есінен кетпес ерекше отасы туралы республикалық БАҚ-тарда жазылған болатын. Ол ана құрсағынан жүрек ақауымен шала туған 700 грамдық нәрестеге ота жасап, аман алып қалды. Осындай біліктілігі бас идіріп, ерлігі таңдай қақтыратын азаматтар жастарға үлгі, үлкендерге демеу.