Бақтияр Садықов – ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі

Бақтияр Садықұлының тікелей қатысуымен агроөнеркәсіптік кешеннің нарықтық қатынасқа енуі мен мемлкеттік заказдардың жойылуы, ауыл шаруашылығын қолдау мақсатымен ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын белгілейтін мемлекеттік фонд құру мәселелері шешілді. Ол азықтың мемлкеттік ресурсын сатып алу, сақтау, есебін алу, реализациялау системасын жетілдіру жұмыстарына қатысты. Б.Садықовтың 59 ғылыми еңбектері жарық көрді. Оның 12-сі агропром комплексінің әртүрлі мәселелеріне арналған, 8-і жоғарғы оқу орнының студенттеріне арналған ғылыми – методикалық кітаптар.

Ол 1948 жылдың 1-қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылында дүниеге келген.

Бақтияр Садықұлы 1964 жылы Тұрбат ауылындағы «Октябрьдің 30 жылдығы» мектебін алтын медальмен,  1969 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын үздік бітірген. Еңбек жолын Сарыағаш ауданының «Красноводопад» тұқым селекциялық станциясында аға ғылыми қызметкер ретінде бастады. Ал 1970-72 жылдары Қарулы күштердің қатарында әскери бөлімнің қаржы ісі бастығы болды.

Еңбек жолы былай өрбіді: Шымкент облысы агропромкомитетінің жер бөлімінің бастығының орынбасары, облыстық партия комитеті аграрлық бөлімінің жетекшісі. Қазығұрт, Сарыағаш ауданының партия комитеттерінің бірінші хатшысы және Халық депутаттарының аудандық Кеңесінің төрағасы (1987-94), азық-түлік және аграрлық мәселелер бойынша ҚР Жоғарғы кеңесі комитетінің бастығының орынбасары (1994), қайта құрылған Мемлекеттік азық-түлік корпорациясының президенті (1995), ҚР аграрлық зерттеу ұлттық академиясы орталығының Бас директорының орынбасары (1997-2001), «Глобаль экономикалық фонды проектісі» мен «Құрғақ жерлерді басқару» дүниежүзілік Банкінің директоры қызметтерін атқарды.

Бақтияр Садықұлының «Астық», «Мал азығы және белок», «Мақта», «Мелиорация», «Нарықтық экономикаға көшу кезеңінде халықты әлеуметтік қорғау шаралары» сияқты бағдарламаларды әзірлеуде және іске асыруда еткен еңбегі зор. «Биологиялық әртүрлілікті ұлттық стратегия мен іс-жоспарда сақтау мен баланс жасауда пайдалану» жұмыстарына, «ауыл шаруашылығы өсімдіктерінде, жануарларда, микроорганизмдерде генефондты сақтау, дамыту және пайдалану» атты республикалық ғылыми программаларға белсене қатысты, «Қазақстанда бидайдың өнімділігін, шығымдылығын арттыру» жөнінде Дүниежүзілік Банктің тапсырмасын атқарды.