Балнұр Балғабекқызы Қыдырбек – еліміздің белгілі композиторы, Қазақстан композиторлар қауымдастығының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Композитор Балнұр Қыдырбек 500-ден астам музыкалық шығарманың авторы, оның ішінде симфониялық, камералы-аспаптық шығармалар, ән, эстрада, балалар мен жасөспірімдерге арналған, қолданбалы музыка бар. 

 Балнұр Қыдырбектің шығармалары:

-   опера-балет «Қалқаман-Мамыр»; 
-   Requem (Реквием) 

-   балалар балеті «Қарлығаштың құйрығы неге айыр»; 
-   балет«Наурыз мейрам хикаясы»; 
-   мюзикл «Жанұран»;

-   Trombe мен оркестрге арналған концерт, 3 бөлімді         
- симфониялық поэмалар «Бекболат», «Күйші», «1932 жыл», «Resisting the Fate», «Ерлік», «Бес симфониялық күй», «Аштық геноциді», «Мұрат», «Ходжалы құрбаны»; 

-  кантаталар «Қазақтан жастары», «Қожаберген жырау батасы»; 

-  увертюрлар  «Замандасқа арнау», «Мерекелік», «Алтай-Атырау арасы», «Жастық», «Көк байрағым, желбіре»;

- оркестрлік күйлер «Мән баласы Майқы би», «Қырғызкүй», «Бөрілі менің байрағым», «Ұяғаржан, жердің салқын-ай», «Серіктес», «Балғабек», «Омар сарыны», «Оспан әуендері», «Серік», «Жаннат» «Сұңқарды торғай тепкен күн», «Мұрат», «Бұл-бұл Ақжелен»;

- эстрадалық пьесалар «Хафиза», «Бақытжан», «Казахстанский час», «Баянқол», «Тың тынысы», «Ақтайлақ», «Серікбай», «Көңілді күн»;

- үрлеме аспаптар оркестріне арналған дивертисмент «Инаугурация», «Траурный кюй», «Поединок Шапырашты Наурызбай батыра с Каскеленом», «Айтыс юноши и девушки», «Романс и скерцо», «Балуан Шолақ маршы»;

- камералық оркестрге арналған дивертисмент «Балғын»,«Ақтау сарыны», «Ғасырлыр үндесуі», «Өрен», «Өрлеу», «Дешті Қыпшақ», «Түркі академиялық музикнің атасы», "Гауһар-күй, «Түріксой шапағаты»;  

-  камералық шығармалар; 

-  ән; 

-  кино және театр музыкасы;

-  балалар мен жасөспірімдерге арналған шығарма;

-  қазақ әндерінің өңдемелері;


    Б.Қыдырбек 1955 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келді. 1962-1973 жылдары К.Байсейітова атындағы Республикалық арнайы музика орта мектебінде, 1973-1978 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында профессор Қ.Қожамияров класында оқыды. Сонда (1978-1980) ассистент-стажерлық өтті. Б.Қыдырбек осы жылдары тек қана композиция оқу-әдістемелік курсын оқумен шектелмеді. Өзіндік ерекшелігі бар, дарынды композитор ретінде тұрақталды. Сол шамада ол «Айтылмаған ән» операсы, симфониялық күйлер, көптеген камералық шығармалар жазды. Консерваторияны тәмамдағаннан кейін Қазақстан композиторлар одағы аппаратында, Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялау комиссиясында қызмет етті. 
Композитор барлық музикалық жанрда еңбектенеді. Ол үрлеме аспаптар оркестрі үшін музика жаза бастаған бірінші отандық композитор болды. «Мерекелік увертюра», «Қаралы күй», «Шапырашты Наурызбай-батырдың Қаскелеңмен жекпе-жегі» дивертисменті бұрынғы Кеңес одағы көлемінде барлық үрлеме аспаптар оркестрлерінің репертуарына еніп, орындалды. 1987 жылы Б.Қыдырбек осы шығармалары үшін А.Александров  сыйлығының лауреаты атанып, Күміс медаліне ие болды. Ол «Бекболат», «Resisting the Fate», «Ерлiк» сынды поэмалар және басқа да симфониялық туындылар авторы. Қазақ ұлт аспаптар оркестріне арналған дүниелері екі көлемді концерттік бағдарламаны құрайды.  Композитор камералық, эстрадалық оркестрлер саласында да көп жұмыс істейді. Б.Қыдырбектің «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» шығармасы тұңғыш ұлттық балалар балеті болды. Әйгілі қазақ ертегі негізінде жазылған «Наурыз мейрам хикаясы» балеті үшін ол «Астана-Бәйтерек» конкурсының Гран-При иесі атанды. 
Композитор шығармашылығы өзінің көлемділігі, көркемділігі және негізін қалаған нақты бағдарламасымен айырмаланады. Тыңдарманды таңдандыратыны автордың фантазиясының кең ауқымы, тақырыбының жан-жақтылығы. Б.Қыдырбек музикасы эмоцияға толы, колоритті болып келген, ешкімге ұқсамайтын өзіндік үнімен ерекше. Бірақ композитордың бұл үні кәрінің де, жастың да, жұрттың бәрінің көңілінен шыға алады.
Композитордың шығармашылық келбеті қазақ фольклорын дәріптеп, терең зерттеп, біліктілі қолданғанының нәтижесі деуге болады. Ол істеген 150-ден астам қазақ әндерінің өңдемелері, ұлттық әуез үнінің, әсіресе Жетісу өңіріне тән иірімдердің композитордың жеке шығармашылығына тамырлауына себеп болды.  
Композитор Балнұр Қыдырбектің ең көрнекті шығармасы Шәкәрім поэмасы бойынша жазылған  «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті. Либретто негізіне Тобықты елінде ХVІ ғасырда болған трагедиялық оқиға алынған. Бұл музикалық дүние қазақ өнеріне жаңашыл үрдіс ретінде кірді, көркемдік жағы балетпен беріліп, драматургиялық шыңына опера арқылы жеткен синтетикалық жанрда орындалған. Спектакль премьерасы 2007 жылы қаңтар айында К.Байсейітова атындағы ҰОБТ сахнасында өтті. «Қалқаман-Мамыр» опера-балетінің маңызы зор: ол Ұлттық классикалық өнерді терең тұғырыққа кіріп кеткен жерінен қайта түлеп шығуына ықпал етті.    
Б.Қыдырбектің «Requem» (Реквием) туындысы осы күрделі жанрда жазылған алғашқы шығарма. «Requem» бейбітшілік, бірлік, рухани келісім идеяларын дәріптеп, дін және дінаралық қарым-қатынастар толеранттығын көздейді. Шығармада жанр канондары (католикалық месса) сақталған; бірақ мұнда буддалықтардың хорын, православты знамендік әуенді естуге болады. «Requem» исламдық «Құлху-Алла» сүресімен басталып, б.з.д. ІІ ғасырдағы сақ әдетімен аят түсіріліп (Тәңірге құлшыну) «Қазақ Еліне, Қазақ халқына игілігіңді, Тәңірім, бере гөр» деп бітеді. Шығарманы толық қамтитін екінші идея – ол уақыт тоғысындағы ұрпақтар сабақтастығы, өз халқына қызмет ету идеясы. 250 жыл бойы Ел Тәуелсіздігі, жеке Қазақ мемлекетін орнату идеясы атадан балаға ауысып, бір әулеттің алты ұрпағының өмірі үлгі ретінде алынады. Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен «Әдебиет пен өнер саласындағы 2014 жылғы Мемлекеттік сыйлығы» «Реквием» вокалды-симфониялық шығармасы үшін Балнұр Қыдырбекке берілді.
Балнұр Қыдырбек сан қырлы тұлға. Ол Қазақстан журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, «История и современность в творчестве Балгабека Кыдырбекулы» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған. Ол қазақша, орысша жазған публицистикалық мақалаларды оқырман қызығып оқиды, автор қойған мәселе де және оның шешімі де өзінше, ерекше беріледі. 
Б.Қыдырбек бабасы, ХVIII ғасырда ғұмыр кешкен мемлекет қайраткері, қолбасы, елші, ақын Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлына арнап көп еңбектенді. Бектің жеке тұлғасы және оның «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабы туралы пікірталасқа белсене қатысып, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, оппоненттерін жеңіп шықты. Бұл полемиканың соңғы нүктесі болған Б.Қыдырбек дайындап, жарыққа шығарған бектің дастандары мен өлеңдерінен құралған «Артқыға, қалдыра алсаң, сөзің жетер» атты екінші кітабы.
Б.Қыдырбек бүкіл Қазақстан бойынша жүзден аса авторлық концерт өткізді.
2007 жылы Б.Қыдырбек Қазақстан композиторлар қауымдастығының Төрағасы болып сайланды. Сол сәттен бастап жоқтың қасы болып тұрған ұйым ісі қайта жандана бастады. Соңғы он жыл ішіндегі игі істің бәрі Балнұр Қыдырбек бастауымен жасалды.

 

Б.Қыдырбек қайраткерлігінің нәтижесі деп келесі  күрделі жетістіктерді айтуға болады:  

1. Ұйым брендіне айналған "Көк байрағым, желбіре" фестивалі еліміздің облыс орталықтарында 8 мәрте өтті;

2. Елімізде Қазақстан композиторлары шығармаларынан құрастырылған 300-дей концерт өтті;

3. Бүгінгі қазақ музыкасының шет елдерде орындалын, солардың музыкалық ұжымдарының репертуарына кіруі;

4. Көпэтникалық ағымнан тұратын жаңа қазақ музыкасының қалыптасып, дамуы және жаңа сапалы шығармалардың дүниеге келуі;

5. Бүгінгі қазақ музыкасының насихатталуы;

6. Қазақ мәдениетінің авангарды ретінде «Қазақстан композиторлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің имиджінің нығаюы;

7. Жоғары түрдегі өнерді жалпы жұртшылыққа жетуі;

8. Оркестр және солистер репертуарларының жаңа шығармалармен толығуы;

9. Музыкалық ұжымдардың орындаушылық шеберлігінің көтерілуіне себеп болуы;

10. Мемлекет басшыларынан бастап ауыл-аумақ тұрғындарына дейін еліміздің барлық әлеуметтік деңгейінде академиялық түрдегі музыканың танылуы.