Батухан Баймен – суретші

Батухан Байменнің шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінде көрнекті орын алатын графикалық туындылардан құралады. Ол шығармашылық жұмыстарымен қатар қоғамдық облыс, қала, аудан көлемдеріндегі көптеген басшылық жұмыстар атқарған. Қала мен аудан орталықтарын ұлттық заманауи келбетін қалыптастырып, өзіндік көркемдік тұжырымдамасын анықтауға, дара келбеттік даму жобасын жасауға көп еңбек сіңірген қайраткер ретінде тануымызға болады.

Өнер шебері Батухан Байменнің шығармаларының тұрғылықты тақырыбы қазақ елінің өткені, бүгіні мен болашағы. Суретшінің «Ауылым алтын бесігім», «Бұлақ», «Атайға арналған күн» және «Оралу», атты графикалық топтамаларында ауыл өмірі, табиғат, салт дәстүр және жастық шақ өмірінен алынған шағын сахналы көріністерді композиция талабына сай шеберлікпен үйлестіре білген. 

1990 жылы Батухан Баймен КСРО  Суретшілер одағының мүшесі, 1995 жылы «Шымкент қалалық дизайн басқармасы», «Модерн» бірлестігінің директоры, 1996 жылы «Шымкент қалалық сәулет және құрылыс» басқармасы, «Монументальды жұмыстар және қаланы безендіру» бөлімінің бастығы, 1998 жылы «Түркістан қалалық дизайн» басқармасының директоры, 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің «Дизайн және ортаны әрлендіру» басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

2003 жылдан бері «Тәуекел» дизайн және құрылыс ЖШС директоры қызметін атқарып келеді. Облыстық , республикалық, одақтық, халықаралық және шетел көрмелеріне қатысушы.