Бауыржан Байсейітов – бейбіт күннің батыры.

Бейбіт күннің батырына айналған жас полицейдің бірі – Тараз қалалық жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция батальонының сержанты Бауыржан Байсейітов. 2013 жылы құқық қорғау саласына қызметке тұрған ол бүгінде шаһардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет барысында түрлі оқиғаларға кезігіп, өз қызметін асқан жауапкершілікпен орындауды мақсат тұтқан.

Өткен жылы Желтоқсан көшесіндегі әкімшілік ғимарат өртке оранғанда Бауыржан әріптесімен Төле би даңғылының бойында қызметте болған екен. Ғимараттан шыққан қою қара түтінді көрген олар бірден осында келіп, адамдарды құтқаруға кірісіп кетеді.

Жол-патрульдік полиция батальонының мамандары оқиға орынына жеткенде  ғимарат маңында құтқарушылар, жедел жәрдем және өрт сөндірушілер келіп үлгермеген екен.

Олар отқа оранған ғимараттың ішіндегі адамдарға көмектесу үшін 2-ші қабатқа беттейді. Солайша іштегілердің жылдам сыртқа шығуына жәрдемдеседі. Өрт күшейгенде адамдар жоғары қабаттардан секіре бастаған екен. Сержант оларға қалай да көмек қолын созуға бекінеді. Ғимарат ішінен шығып жатқан қою түтінге қарамастан, іштегілерді құтқару үшін ол жоғары қабатқа жүгіріп шығады. Ал әріптесі бұл кезде 2-ші қабаттың терезелеріндегі темірлерді бұзу үшін сыртта қалған еді. Сержант жоғары қабатқа көтеріліп, адамдарға көмектесіп жүріп, өзі түтінге уланып қалады. Есінен танып қалған сәтте оқиға орынына өрт сөндіретін машина да келіп жетеді. Өрт сөндірушілердің көмегімен сыртқа аман-есен шығады.

Оқиға болған күні отқа оранған көпқабатты ғимараттан 300-ге жуық адам құтқарылды. 8 адам әртүрлі дене жарақаттарын алып, алтауы ауруханаға жатқызылды. Ал қызметіне жауапкершілікпен қарап, борышын мүлтіксіз орындаған тәртіп сақшылары бейбіт күннің батыры атанды.

Осындай ерлігі үшін әріптесі екеуі ҚР ІІМ-нің Алғыс хатымен және ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.