Бауыржан Бисенов – бокстан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы

Бапкер ретінде аты көпке мәлім Бауыржан Бисенов бүгінде өз шәкірттерімен мақтана алады. Олар қазақ елінің көк туын бірнеше халықаралық турнирлерде желбіретіп келеді.

1965 жылы 8-қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген.

Бауыржан Жарылқасынұлы еңбек жолын 1981-1982 жылдары «Буревесник» спорт клубында бокстан  жаттықтырушы болып бастаған. 1982-1984 жылдары кеңес әскері қатарында әскери борышын өтейді, ал 1996-1997 жылдары облыстық спорт интернатында, 1997-2000 жылдары ОҚО КЖСШМ-де бокстан жаттықтырушы болды. 2001-2003 жылдары сол жерде әдіскер-нұсқаушы, 2003 жылы директордың оқу спорт жөніндегі орынбасары болды.

2003-2005 жылдары «Ордабасы» МҚК-нің президенті, 2005-2007 жылдары «Ақбарыс» спорт клубының директоры, 2007-2008 жылдары Олимпиадалық дайындық орталығының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2008-2014 жылдары Шымкент қаласының №5 бокстан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры қызметін атқарды.

2014 жылғы 23 маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Шымкент қаласының №13 ойын түрлерінен БЖСМ-нің директоры қызметін атқарады. Бұл мектептен республикалық, халықаралық жарыстардан олжа салып жүрген талай спортшылар шығып, ертеңгі қазақ боксының жарық жұлдыздары тәрбиеленіп жатыр.