Бауыржан Ермұхамбетов - музыкант, "Ботақара кентінің балалар өнер мектебі" КМҚК басшысы

Қарағанды облысы Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов сынды қазақтың күміс көмей әншілері шыққан дарындар өңірі. Қазір де сол өнерді дәріптеп, таланттарға қанат бітіретін білім ордасын басқарып отырған Бауыржан Ермұхамбетов осы өңірде елге сыйлы азаматтардың бірі. Ол өз еңбек жолын ән сабағының мұғалімінен бастап, бүгінде "Ботақара кентінің балалар өнер мектебі" КМҚК басшылық етіп отыр. Бұл мектеп шәкірттері республикалық, халықаралық өнер байқауларының жүлдегерлері.

Бауыржан Ермұхамбетов өз еңбек жолын 1996 жылы Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданының №5 орта мектебінде ән сабағының мұғалімі қызметінен бастаған еді. 1998 жылы Егіндібұлақ ауданы Мәдениет үйіндегі халық аспаптары оркестрінің дирижері қызметіне ауысты. Ал 2004 жылдан бері Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентіндегі  Балалар өнер мектебінің директоры қызметін атқарады. 

Ол қызмет еткен жылдары қарапайым музыка мектебі өнер мектебіне айналып, хореография, бейнелеу, жыр-терме кластары ашылды. Петровка, Байқадам, Көкпекті, Самарқанд, Кернеу ауылдарында өнер сыныптарының ашылуы үлкен нәтиже деуге болады. Мектеп тәлімгерлері түрлі байқауларда жүлделі орындар алып, ұстаздарының абыройын асқақтатып жүр. Бауыржан Ермұхамбетұлының шәкірттері Зейнуллина Диана, Рахатаева Айдана, Құлжамбекова Айжан, Әлібеков Алтай, Беріков Әлім, Мұқышева Сағыныш әнсүйер жұртқа танымал өнерпаздар, республикалық, халықаралық конкурстар лауреаттары. Ал мектептің өзіне 2015 жылы ЮНЕСКО клубы мәртебесі берілді. Осының барлығы тәжірибелі, білікті басшының еңбегінің нәтижесі. Бауыржан Ермұхамбетұлының бұл еңбегі елеусіз қалмады, ол Облыс әкімі грамотасымен (2014) Мәдениет департаментінің (2012), Білім беру департаментінің (2015) алғыс хаттарымен марапатталды. Ал 2016 жылы ҚР Білім беру министрінің Алғыс хатын алды. Бауыржан Ермұхамбетұлы "Ботақара баурайында" халық аспаптар ансамблінің негізін қалаушы әрі басшысы. Ол өте білімді педагог, іскер басшы, кәсіпқой маман. Оның осы қасиеттері үшін үнемі Халықаралық, Республикалық конкурстар мен фестивальдерге әділқазылыққа шақырады.   

Бауыржан Ермұхамбетұлының жанұясы да өнерден кенде емес. Жұбайы Батталова Жанар – домбыра класының педагогі. Қыздары Әсем мен Салтанат Мемлекеттік Консерватория студенттері. Ал ұлы Рамазан Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті. Кіші ұлы Мейірлан – өнер мектебінің оқушысы. Бар өмірі өнерге арналған жан деп осындай азаматтарды атаса керек.