Бауыржан Құмарғалиұлы Нұрахметов – Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры. Техника ғылымдарының докторы (2000), профессор (2008).

Бауыржан Құмарғалиұлы - 1967 жылдың 1 қаңтарында бұрынғы Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Қарлығаш ауылында дүниеге келген.

1984 жылы Фурманов орта мектебін күміс медалімен бітірген.

1991 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітіріп, ҚазКСР Ғылым академиясы Математика және механика институтында жұмыс істеді.

1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Механизмдер және машиналар теориясы мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғау арқылы күндізгі аспирантураны бітірді.

1994-2000 жж. – ҚР БҒМ Механика және машинатану институтының ғылыми, аға ғылыми және бас ғылыми қызметкері.

1999 жылы «Механизмдер және машиналар теориясы» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады.

2000-2002 жж. – Алматы технологиялық университетінің «Инженерлік графика және қолданбалы механика» кафедрасының меңгерушісі.

2002-2010 жж. – Қазақ-Британ техникалық университетінің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

2010-2011 жж. – Алматы технологиялық университетінің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім басқармасының бастығы, 2011-2013 жж. – оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, 2013 жылдан – бірінші проректоры.

Нұрахметов Бауыржан 100-ден астам ғылыми еңбектер жариялаған, соның ішінде 6 монография, 2 оқу құралы, 15 авторлық куәліктер мен патенттерге ие. Дарынды жас ғалымдарға берілетін мемлекеттік ғылыми шәкіртақысына үш мәрте ие болған. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (2013), Қазақстан Республикасы Бизнес-рейтингісінің «Сіңірген еңбегі мен табыстары үшін» медалімен (2014), ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен (2011) марапатталған. «Жоғары мектеп менеджменті» курсынан өткені туралы сертификаттың (2011), «Болон үдерісі негізгі өлшемдерінің Қазақстан жоғары оқу орындарына бейімделуі» тақырыбындағы Жазғы мектепті аяқтағаны туралы сертификаттың (2012), «Қазіргі заманғы жоғары оқу орнын басқару стратегиясы» атты семинарда оқудан өткені туралы сертификаттың (2012), KIMEP университетінің халықаралық конференциясына қатысқаны туралы сертификаттың (2012) иегері.

2000-2005 жж. – Қазақстан Республикасының Жас ғалымдары кеңесінің төрағасы. 2000-2003 жж. – ҚР ҰҒА Төралқасының және ҚР БҒМ Алқасының мүшесі. 2002-2003 жж. – Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі. Оның ғылыми жетекшілігімен бес кандидаттық диссертациялар қорғалған.