Бауыржан Омаров 1962 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы,  Арал ауданы, Қаратерең ауылында дүниеге келген.

Ол филология ғылымдарының докторы (2001), профессор (2002), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2013). ҚазМУ-дың журналистика факультетін (1986, қазіргі ҚазҰУ), Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін (1998), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін (2006) бітірген.  

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің тілшісі, аға тілшісі, аудармашысы, бөлім меңгерушісі (1986–1994), ҚазҰУ-дың аға оқытушысы (1994–1996), аға ғылыми қызметкері (докторант) (1998–2000), профессоры (2002–2003), Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры (1996–1997), Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары (1997–1998), Қазақстан БҒМ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі (2000–2003), «Қайнар» университетінің профессоры (2001–2002), ҚР Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінің директоры, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы (2003–2006), "Литер-Media" ЖШС атқарушы директоры, «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ Газеттері» ЖШС бас директоры (2006–2009), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы. ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды (2009–2013). Қазіргі таңда ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқаруда.

Ғылыми-зерттеу саласы -  әдебиеттану. Ғылыми еңбектер 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінде "Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы" атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2001 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы» (генезис, типология, поэтика) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымын, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді. 100-ден астам ғылыми жарияланым мен 10 ғылыми және публицистикалық кітаптардың авторы.