Бауыржан Тахауов - спорт саласының жетекші маманы

Бауыржан Тахауов Қазақстан Республикасы Чемпионатының және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Еліміздегі спорт саласының дамуына ерекше үлес қосқан азамат. 

Ол 1968 жылы 1 қыркүйекте Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау селосында дүниеге келген. 1975-1985 жылдар аралығында орта мектепте білім алған соң Гурьев темір жол мамандығы бойынша техникумға оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1990 жылы ойдағыдай аяқтап 1990 – 1992  жылдар аралығында көлік инженері мамандығы бойынша Алматы институтында білім алады. Сондай-ақ 2002-2007 жылдары Атырау мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану» факультетіндегі «Дене шынықтыру және спорт» бөлімін сырттай оқып бітіреді. Мамандығы – "инженер-техник-механик және дене тәрбиесі" пәнінің мұғалімі.
Бауыржан Тахауов еңбек жолын Маңғышлақ станциясында теміржол диспетчері (1990-1992ж.ж) қызметінен бастайды. Содан соң Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт федерациясының мүшесі (1992-1998ж.ж), Ақтөбе облыстық «Манас» мүгедектер спорт клубының директоры (1998-2004ж.ж), Атырау облыстық туризм және спорт басқармасының жетекші маманы (2004-2007ж.ж), «Мүгедектер спорттық клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директоры (2007-2014ж.ж) қызметтерін абыроймен атқарады.
2015 жылдан бері Қазақстан Республикасы параволейбол құрама командасының бас жаттықтырушысы.
Бауыржан Тахауовтың бүгінге дейін жеткен жетістіктері көп.  Қазақстан Республикасы Чемпионатының және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, Бангкокта өткен 7-ші Паразиялық Ойындардың жеңімпазы (1999ж.), Оңтүстік Кореяда өткен Паразия Ойындарының күміс жүлдегері (2002ж.). Оның шәкірттері – Иран елінде өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері, Америка Құрама Штаттарының Оклахома штатында өткен Әлем чемпионатының жеңімпаздары (2010ж.).    
Қоғам белсендісі қазіргі таңда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, отырып ойнау волейболынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Бауыржан Тахауов Елбасының, Атырау және Ақтөбе облысы әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Дене шынықтыру және спорт агенттігінің және Ұлттық Паралимпиялық комитетінің «Қайсар Тұлға - 2013»  номинациясының алғашқы иегері атанған.
   Отырып ойнау волейболы спорт түрінен Атырау облысының құрама командасы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық Паралимпиялық комитеттің шешімімен «2014 жылдың ең үздік командасы» атанды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері» Құрмет белгісімен де марапатталған.
   

Өз еңбек жолында 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 10 Қазақстан Республикасының спорт шеберін және 5 Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындады. 
Өз тәрбиеленушілерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін тәжірибелі ұстаз және білікті жаттықтырушы ретінде шәкірттеріне 4 пәтер берілуіне ықпал етті. Сонымен қатар Мүгедек-спортшылардың оқу-жаттығу процесіне қатынауы үшін 4 шағын автобус бөлінуін қамтамасыз еткен. 

Бүгінде Бауыржан Тахауов 4 перзенттің үлгі тұтар әкесі, берекелі шаңырақтың отағасы.