Бекзат Ағияр - «Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы» МКҚК, «Алтынай» МХБ ансамблінің балет әртісі.

Сахнада өзіндік дара билерімен танылып, көрерменнің көзайымына айналған биші Бекзат Ағияр мен Гүлжан Әсетқызының өнеріне тамсанбайтын жан кемде-кем болар. Облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінде қызмет ететін қос өнерпаз өнерде де, өмірде де қол ұстасып, ұлттық би өнерін асқақтатып жүрген бақытты жұп. Биік өнерді шебер меңгерген олардың әр қойылымы белгілі бір мазмұнға құрылып, ұлттық болмысымызбен өрнектеліп, салт-дәстүрімізден көрініс беріп жататындығымен ерекшеленеді. Гүлжан мен Бекзаттың қорында осындай жиырмадан астам би бар.

Биші болсам деген биік арман Бекзаттың жүрегіне қонақтағанда небәрі бес жасқа толмаған бал­дыр­ған еді. Өзі туып-өскен Қытай Халық Республикасының Алтай аумағы Буылжың ауданына қарас­ты Үштас жайлауында аймақтық үлкен айтыс өтеді деп ел-жұрт түгел жиналған. Бұл ауыл жұрты үшін үлкен бір той болатын. Кешкі­сін өнер көрсетіліп, ойын ойна­тылды. Көпшілік ортаға шығып, «Қаражорғаны» биледі. Әжесі не­ме­ресі Бекзатты да қолқалап, топ­қа қосты. Сол кезде қазақтың әдемі ұлттық киімдерімен топ бастаған аға-әпкелердің би ырғақ­тары, оттай жанып тұрған көздері бала жүрегіне ерекше әсер қалдыр­ды.

Алты жасқа дейін атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген Бекзат бала кезден қазақы салт-дәстүрге сусындап өсті. Өнерге ерекше қарайтын атасының күм­бір­леткен күйі, әжесінің әлдиі жадында жатталып қалды. Кейін мектепке барған соң ата-анасының тәрбиесіне өткенімен жазғы дема­лыста жайлауға асығатын. Әжесі­нің құрт-майын сағына жейтін. Қазақы салт-дәстүр сақталатын аймақтың тұ­сау­кесер, сүндет той­ларының өзі ерекше өтетін. Ал Наурыз мерекесі ұлан-асыр тойла­натын. Үлкен тайқазанға көже пісіріліп, бәйге жарысы өтетін, түрлі ойындар ойналып, алтыбақан тебілетін. Ұлттық өнер кеңінен насихат­талатын. Әсершіл бала осының бәрін жадына түйіп өсті. Әсіресе, би өнеріне деген қызығу­шылығы ерекше болды. Мектепте жүріп би үйірмесіне қатысты.

Алғаш өнерге баулыған Қытай Халық Респуб­ликасының еңбек сіңірген бишісі Күлжікен Кабиқызының да дәрісі жадында. Телеарнадан би туралы берілетін бағдарламаларды да үзбей көріп, Сержан Асылханұлының «Саят­­шы» биін тамсана тама­ша­лайтын. Онда қансонарда бүркітін алып, аңға шығатын, одан олжалы болып оралатын әдемі көрініс би тілімен суреттеледі. Бекзат осы биді үйренуге асықты. Бірақ, анасы «биді қайтесің, ол саған кәсіп болмайды» деп, дәрігер не мұғалім болуын қала­ды. Анасының айтқан жолымен жүр­гі­сі келсе де биге деген махаббат, балаң арман үмітін үздірмеді. Би ордасында білім алсам, сахнада жү­ріп, қазақтың өнерін танытсам деген алдына үлкен мақсат қойды. Сөйтіп, 8-ші сыныптан кейін би мектебіне барсам деген ойын ата-анасына айта­ды. Олар бала көңілін қимай, келісі­мін бергендей болады. Алайда, Бек­зат­тың емтиханнан өткендігі туралы қағаз сол кезде мектеп директоры болып қызмет істейтін анасының қолына келіп түседі. Баласының би оқуына түскенін қаламаған ана оқуға шақырту қағазын тығып тастайды. Келесі жылы бағын сынамақ болғанда да дәл осы жағдай қайталанады. Неге оқуға өтпей қалдым екен деп іштей қынжылған Бекзат екі жылдай арма­нынан бас тартып, әке-шешесінің қалауымен жүреді. 2001 жылы Алтай аймағында би колледжіне оқушылар қабылдап жатыр дегенді естіп, әке-шешесінен «ер кезегі үшке дейін, үшінші рет бағымды сынап көрейін, өтсем өттім, өтпесем мүлде биден бас тартамын», – деп рұқсатын сұрайды. Баласының сөзін жыға алмай анасы емтиханға өзі ертіп барады. Сынақ алушылардың «бойыңда өнерің бар, оқуға қабылданасың» деген сөздері Бекзатқа қанат бітіре түседі. Анасы бұл жолы тосқауыл бола алмады. Сөйтіп Алтай аймақтық педа­гоги­калық колледжінің би фа­куль­тетіне оқуға түсті. Онда қазақ биінен сабақ берген ұстазы Қамида Қизат­қызы еді. Осында жүріп, би өнерінің орындалу әдісі, оның тәрбие­лік мәні, салт-дәстүрді насихат­таудағы орнын жете түсінеді.

2004 жылы ҚХР-дың еңбек сіңір­ген әртісі Нағима Тайырқызы өнерлі жастарды жинап, Алматы облыстық филармониясынан бишілерге шақыр­ту жасалып жатқандығын айтады. Атажұртқа бару Бекзаттың бала кезден бергі арманы болатын. Әке-шешесінің рұқсатын алып, 2005 жылы облыстық филармонияның «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамбліне жұмысқа тұрады. Содан бері, міне, он жылдан астам уақыт осы ұжымда қызмет етіп келеді. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың өзі құрған ансамбль халық билерін кеңі­нен насихаттайды.

– Отызжылдық тарихы бар бұл ансамбльде елімізге белгілі көптеген биші еңбек етті. Қазақ би өнерінің падишасы атанған Шара Жиенқұлова апамыз ең алғашқы «Айжан қыз», «Қазақ вальсі» билерін қойды. ҚР еңбек сіңірген әртісі Ізім Тойған ансамбльдің алғашқы жетекшісі болды. Талант Қылышбаев ағамыз қыз­мет істеді. Қазіргі кезде Гүлмира Дубекқызы ансамбльге жетекшілік етеді, – дейді Бекзат ұжымы жайында мақтанышпен.

Өзге би ұжымдарынан репертуа­рында қазақтың ұлттық биінің көптігі жағынан да дараланатын осы – «Ал­ты­най». Мәселен, ұлттық дәстүрі­мізден сыр шертетін «Киіз басу», жігіттердің батырлығын, жігерлі рухын көрсететін «Балбырауын», аналарымыздың ақ кимешегін наси­хат­тайтын «Кербез», қыздарымыз мың бұралып билейтін «Алтынай» сынды билері бар.

– Қазақтың биін шетелде көрсет­сем деген бала күнгі арманым да осы ансамбльдің арқасында жүзеге асуда. Алматы облысының Мәдениет күндері аясында көптеген шет мемле­кетте болып қайттық. Жалпы халқы­мыздың ерекшелігін танытатын осы би өнері деуге болады. Мәселен, сөзбен айтқанда адамдар бір-бірінің тілін түсінбей қалуы мүмкін, ал бимен суреттеген жағдайда сол елдің болмы­сын, мәдениетін бірден тануға бола­ды. Оның үстіне қазақтың биінде ұлттық салт-дәстүрді көрсететін қойылым, тәрбиелік мән бар. Әрбір би адамның ойында қалатындай, жақсы мен жаманды көрсететіндей мәнге ие. Біз ұлттық мәдениетіміздің байлы­ғымен де өзгелерден ерекшеленеміз. Мұның бәрі биден көрініс табады. Басымызға таққан үкінің өзі нақышы­мызды ашып тұрады. Мәселен, көз тимесін деп үкіні киелі деген домбы­рамызға, бесікке, жаңадан түскен келіннің шымылдығына, бәйге кезін­де тұлпардың жалына тағып қоямыз. Ою-өрнектерімізбен де дараланамыз. Осыны жарқыратып көрсету үшін сәтті тақырып таба білу керек. Ол тақырып бидің талабына сай келуі тиіс. Екіншіден, қазақтың салт-дәс­түрін, тарихын жақсы білетін балет­мейстер болу қажет. Соны жеткізіп орындай алатын биші болуы шарт. Жақсы сазгер мен сахналық киімді жобалаушының атқарар қызметі де зор. Осы төрт жағдай дұрыс жүзеге асса, ел есінде қалатын би қойылады, – дейді ол.

Би өнері даму үшін сол салаға көптеп мән берілуі керек. Әр биші оны өзінен бастағаны абзал. Ол үшін жарнама жасап, халық биді жақсы көріп, оны шын көңілімен тамаша­лауға келсе екен деген мақсат қою қажет. Биші өзінің не билеп тұрғанын білуі тиіс. Би билегенде сыртқы келбет пен ішкі жан дүние қабысуы маңызды. Сонда ғана би сәтті шыға­ды. Ал, не билеп тұрғаныңызды білместен қимылдар жасап тұрсаңыз, онда көрермендер де түсінбейді. Сондықтан би өнерінің дамуына әрбір биші жауапты болуы керек. Бұл Бекзаттың түйген ойы. Ол:

– Би өнерінің тәрбиелік-эстети­калық мәні зор. Адамға берер руха­ни байлығы да ерекше. Мұнымен қатар би – дене шы­нық­тыру, спорт­тың бір түріне жата­ды. Бимен ұдайы айналысатын адам күніне төрт сағат жаттығу жасап тұруы керек, – дейді.

Талғампаз бишіні би қойылым­дарының мағыналы болуымен қатар сахналық киімнің де барлық талапқа сай келуі толғандырады. Кейбір жағдайда киімге салынатын өрнек­тер өз мәнінде қолданыс таппай жатады. Баскиім, шапан, камзол, саптама етіктердің өз оюлары бола­ды. Ер адамның, әйелдің, жас пен кәрінің, баланың киіміне салынатын ою-өрнек түрі бар. Сахналық киімді көбіне қошқармүйіз оюы аша түседі. Мұндай ағаттық кетпес үшін биші киім жобалаушылармен бірлесе жұмыс істеп, қолданылатын әр оюдың, әрбір заттың мағынасына жете мән беруі тиіс. Би мен сахналық бейне үйлесім тапқанда ғана қойы­лым сәтті шығады.

Сол себепті Бекзат бос уақы­тында би материалдарын іздестіреді. Әрбір бидің сәтті қойылуы үшін ізденеді. Онда айтар ой, мағына болуына мән береді. Алайда біздің елімізде би туралы кітаптардың аздығы бишіні қынжылтады.

Өнерімен ғана емес, ізденісті еңбегімен, бір-біріне лайық жарас­тығымен дараланатын өнер иелері Бекзат пен Гүлжан Қытайда туып-өскенімен таныстықтары атажұртқа келген соң басталады. Алғашында өнердегі әріптес, дос болып, ол достықтың соңы махаббатқа ұла­сады. Өмірдегі, өнердегі мақсаты бір қос өнерпаз 2008 жылы отбасын құрады. Содан бері жұбы жазылмай сахнада жүр. Бірқатар өнер сайы­сына қатысып, жүлдегер атанды. Бекзат Батыс Қазақстан облысында өткен ІІІ республикалық байқауда І орын алып, 2007 жылы «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. Гүл­жан екеуі Шара Жиенқұлова атын­дағы 4 республикалық байқаудың жеңімпазы болып, өткен жылы об­лыс әкімінің жүлдесін иеленді.

– Елге келгендегі үлкен жетіс­тігіміз – өзіміздің қазақ екенімізді жете түсініп, мұсылмандығымызды терең сезінгендігіміз. Қазақстанға келуіміз Елбасының үлкен саяса­тының арқасы. Біз сияқты қаншама жан атажұртына қайта оралып, тұрақтап қалуға мүмкіндік алды. Сол үшін Елбасына, бізді қолдап отырған облыс басшылығына, филармония ұжымына айтар алғысымыз шексіз, – дейді өнердегі қос жұп.

Бегзат Ағиярдың өнердегі жетістіктері:
2006 жылы Шара Жиенқұлова атындағы ІІІ Республикалық   байқауының І орын және осы байқаудың «Мың бұралған әсем орындаушы» арнайы жүлдесінің иегері;

2007 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты;

2008 жылы «Алматы облыстық өнер саласының үздігі» Құрмет грамотасымен марапатталды; 

2012 жылы Шара Жиенқұлова атындағы ІV Республикалық   байқауының лауреаты;

2012 жылы Ш.Жиенқұлованың 100 жылдық мерейтойына орайластырылған «Қазақ биі - қазынам» атты шығармашылық  концертін өткізді.