Мен 1991 жылы желтоқсан айының 28 жұлдызында Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өмірге келдім. Ата-анам өте қарапайым жандар. Оларды сипаттауға сөз жеткіліксіз. Өнерге қатысы жоқ. Анам-тігінші, әкем-электрик. Бірақ өнерді өте жоғары бағалайды. Біз үйде алты ағайынбыз. Өзімнен үлкен төрт әпкем және бір інім бар.  Мен 14 жасымда Ақтау қаласы "Абай" атындағы мәдениет үйіне вокал үйірмесіне жазылдым. Ең алғашқы ұстазым Салихат Есжанқызы. Сол кісінің еңбегі мен сенімінің арқасында 2006 жылы өмірімде бірінші рет сахнаға шығып, қалалық "ВОЯЖ" байқауында бас жүлдені жеңіп алдым.  Мен "Қазақстан дауысы"  тележобасын үйде достарымызбен теледидар қарап отырғанда ойламаған жерден көріп қалдым. Содан бағымызды сынайық деп барып, аяқ астынан өтіп кеттім.  Жалпы "Қазақстан дауысы" жобасынан кейін өмірім жақсы жаққа қарай өзгерді. Негізі Бауыржан Ретбаев екеуміздің бұрыннан дуэт болып ән айту ойымызда болған. Сол ойымызды іске асырып, "Батыс" тобын құрған Ұлықпан Жолдасов ағамызға алғысымыз шексіз. Ол кісі өзіміздің жерлесіміз, Маңғыстау облысы, Құрық кентінің тумасы. Алдағы уақытта Алла қаласа тыңдармандарымызды жаңа жақсы әндермен қуантамыз, бейнебаян түсіру де жоспарда бар. 


Өнердегі жетістіктері:
2013 жылы Белоруссия елі Витебск қаласында өткен Халықаралық «Словянский базар» байқауының Мир телеканалының арнайы сыйлық иегері; 
2013- 2014 жылдары республикада алғаш рет өткізілген телевизиялық  «Қазақстан дауысы»  жобасына қатысып, финалист атанған.
Бұдан өзге бірнеше байқауларға қатысып жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Сонымен қоса республикада, шет ел аймақтарында (Біріккен Араб Әмірлігі, Швецария, Германия, Италия, Голландия, Украина, Ресей, Оңтүстік Корея, Израиль, Франция т.б.) өткен мәдени іс шараларға ат саласып, өнер көрсетті.