Берік Оразалин – дирижёр, «Мирас» қазақ ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі

Еңбек жолын 2006 жылы қосалқы дирижёр қызметінен бастаған Б.Оразалин бас-аяғы төрт жылдың ішінде Қостанайдағы «Мирас» қазақ ұлттық аспаптар ансамбліне жетекші болып тағайындалды. Тарихымыздан сыр шертетін, бабаларымыздың үніндей болған ұлттық аспаптарымызды ерекше қастерлейтін өнер иесінің дарыны бала кезінен байқалса керек. Мектепті бітіре сала болашақ дирижёр Қазақ Ұлттық музыка академиясына оқуға құжат тапсырады. Студент кезінен-ақ өзінің шын мәніндегі өнер адамы, талант иесі екенін байқатқан Б.Оразалин білгенінен жаңылмай, ЖОО-ны бітірісімен екі оркестрде қызмет етті. Мәселен, Көкшетау облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінде екінші дирижёр ретінде қызмет етсе, 2008 жылдан бастап Қостанайдағы Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның қазақ халық аспаптар оркестрінде бас дирижёр болып өнер көрсетті. Ол Башқұртстан астанасы Уфада және Тараз қаласында өткен халықаралық фольклорлық музыка байқауларында лауреат атанса, Астанада өткен XVI «Шабыт» халықаралық байқауынан І дәрежелі дипломант болып оралды.