Бидас Рүстембекұлы 1951 жылы 23 қаңтарда Қызылорда облысы, Қармақшы  ауданы, Ақжар ауылында  дүниеге келген.  Атақты Жиенбай жыраудың немересі.

Әкесі  Рүстембек жыраудан тәлім алып, жыраулық  дәстүрдің берік туын ұстап, атадан балаға жалғасқан мұраға  иелік етті. Бұл дәстүрлі өнер жолында шығармашылық өнер ұжымдарымен іс-тәжірибе алмаса отырып, 2007 жылы аудан әкімі Қаюпов Биғали Әбдікерұлының келісімімен Омар Шораяқұлы атындағы  №30 және Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектептер базасында Алматы қаласындағы дәулескер күйші Абдулхамит Райымбаев басқаратын, жырау қыз Ұлжан Байбосынова жетекшілік ететін, «АГА-хан» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен жұмыс жасайтын «Көкіл» мектеп-колледжінің филиалын ашты. 32 шәкірт тартылған бұл өнер мектебіне Б.Рүстембеков ұстаздық етіп келеді. Қазір К.Рүстембекұлы атындағы аудандық «Жыраулар үйі» директоры орынбасары қызметін атқарып, 2014 жылдың 23 қаңтарында  зейнеткерлікке шығып, келісім шарт негізінде директор орынбасары қызметін  қайта  атқарып келеді.

1997 жылы Астананың ашылу салтанатына қатысып, «Астана» медалімен марапатталды.
2013 жыл, 24 қыркүйек айында ҚР Мәдениет және ақпарат  министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен  марапатталды.
2015 жылдың тамыз айында Бидас Үрістембеков ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығы бойынша "Қазақстан Конституциясына 20 жыл" мерекелік медальімен марапатталды. 16 желтоқсан - Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылдың 3 желтоқсандағы Жарлығы бойынша "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.

Репертуарында «Қобыланды» жыры,  «Көрұғлы» дастаны, Ш.Омарының «Сәдуақас пен Сахи» қиссасы,  Жиенбайдың қиссасы «Кедей», Балқы Базардың, Жиенбайдың,  Тұрмағамбеттің, Ш.Омардың т.б. ақын-жыраулардың терме-толғаулары бар.