Біржан Байтуов – айтыскер ақын.

Біржан ерте жастан айтысқа араласып, өзінің орамды шумақ, ерекше ұйқастарымен көрерменнің көзайымына айналып, бірнеше аламандарда оза шапты.

Ол 1990 жылы 22 ақпанда ОҚО Бәйдібек ауданы Майбұлақ ауылында дүниеге келген. С. Сейфуллин атындағы орта мектепте оқыған (1996-2007). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «философия және саясаттану» факультетінің түлегі (2007-2011).

Ең алғаш 6-сынып оқып жүрген кезінде аудандық оқушылар айтысына қатысып топтан озып шығып, облыстық айтысқа жолдама алды. 10-сыныпқа көшкенде республикалық оқушылар айтысынан ІІ-орын алды.

Қазақстан ұлттық телеарнасының «Айтыс Қазақстан чемпионаты» жобасында «Ең үздік жас ақын» номинацясын иеленді (2006). «Аламан айтыста» ІІІ-орын әрі «Көрермендер көзайымы» номинациясына қол жеткізді (2007). Шымкент қаласында өткен «Республикалық наурыз айтыста» бас жүлде (2007), Павлодарда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 150 жылыдығына арналған Республикалық айтыста І-орын (2008), Атырау облысының 80 жылдығына арналған Республикалық айтыста бас бәйге, Бәйдібек ауданының 80 жылдығына арналған Республикалық айтыста бас бәйге, ОҚО 80 жыл толуына орай өткізілген айтыста І- орынды (2012), Шымкент қаласында Төле бидің 350, Абылайханның 300 жылдығына арналған айтыста бас бәйгені (2013) еншіледі.

Айтыс өнерінен бөлек жазба поэзияда да біраз жетістіктерге жетіп жүр. «Шабыт толқынында» атты тұңғыш жыр кітабы шыққан (2007 ).