Бисешов Қонақбай – «ҚР ІІМ ТЖК Қостанай облысының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне қарасты  Қостанай қаласындағы № 3 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі.

Бөлімше командирі азаматтық қорғау старшинасы Бисешов Қонақбай 2016 жылы тамыз айында Жылыой ауданының Құлсары қаласында бес қабатты тұрғын үйде болған өрт оқиғасында қызметіне адалдығын дәлелдеп, ерлік көрсетті. Ол өрт туралы хабарлама түскеннен кейін шақырту орнына жеткен кезде төртінші қабаттағы пәтердің бірінде үйдің балконы ашық отпен жанып жатқандығы, үйдің дәлізі толық түтінге оранғандығы анықталды. Тұрғындардың барлығы үйлерінен шығып үлгереді, алайда бесінші қабаттағы қалың  түтіннің кесірінен адамдар, оның ішінде үш бала қалып қойған болатын. Бисешов Қонақбай қарауыл бастығынан тапсырма алғаннан кейін, екінші бөлімшемен қалып қойған адамдарды құтқару үшін 5-қабатқа көтеріледі. Балалардың айқайлаған және жылаған дауыстарын естіген бөлімше командирі арнайы құралдармен темір есікті ашып, пәтерге кірген кезде кереуеттің астында тығылып жатқан үш кішкентай баланы көреді. Балаларды бір-бірден қолына көтеріп, түтінге оранған пәтерден сыртқа алып шығады. 

Бөлімше командирінің бұл батыл әрекеті ерлікке баланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, балалар өмірін құтқаруда ерлік пен жанқиярлық көрсеткені үшін Қонақбай Бисешов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.