Болат Дүйсенов 1977 жылы дүниеге келген. Ол Атырау ОІІД-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі қызметін атқарады.

2015 жылдың 30 сәуірінде күнделікті түскі үзілістен қызметтеріне қаламыздың орталық көпірі арқылы бір көлікте келе жатқан полиция қызметкерлері Мұрат Демегенов пен Болат Дүйсенов көпірдің қақ ортасында жаяу жүргіншілер жолының, яғни қоршау-бөгеттің арғы жағына шығып кеткен азаматтың Жайық өзеніне секіріп кеткенін көреді.

Аталған оқиғаны көре сала полиция қызметкерлері көліктерімен көпірден түсе сала жағалауға жетіп,  қызмет киімімен өзен суына түскен Болат Дүйсенов суға бата жаздаған азаматты жағаға алып шыққанша, жағалауда қалған Мұрат Демегенов жедел жәрдем мен әріптестеріне хабарласады. Олар жеткенше полиция қызметкерлері құтқарылған азаматқа алғашқы көмек көрсетіп үлгереді. Жайық өзеніне секірген азаматтың жеке басын анықтау кезінде оның жүйке-неврологиялық диспансерде есепте тұрған азамат екені анықталады.

ҚР Президентінің Жарлығымен Болат Дүйсенов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.