Арқалық қаласындағы №2 мамандандырылған жасағының өрт сөндіруші-құтқарушысы Болатбек Хамза Арқалық қаласында болған өрттен 2014 және 2015 жылдары дүние келген екі баланы аман алып шыққан. Ол Елбасы Жарлығымен  “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

Аға сержант Болатбек Хамза азаматтық қорғау органдарында  14 жылдан бері қызмет атқарып келеді. 2015 жылдың маусымында жанып жатқан үйден ер адамды көтеріп алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Одан кейін газ түтіннен қорғау қызметі жанып жатқан жерден газ баллонды тауып алып оны сыртқа қауіпсіз жерге шығарып, жарылыс пен адам өлімін болдырмаған.

2015 жылы Арқалықта Жатақхана өртенгенде, ондағы қызыл жалынды сөндіру оңай болмаған. Ғимараттың бір емес, он бөлмесі жанып жатқан,иқап-қара қою түтіннен ештеңе көрінбеген. Осындай аласапыран шақта ол екі баланы құтқарып, оларға екінші өмір сыйлай білді.

«Өрт кезінде жұртты марапат үшін құтқармайсың, қызыл жалынмен күресіп жүргенде бізде адамдарды құтқарып қалудан басқа ой да болмайды. Жалпы, құтқарушы ғана емес, әр азамат қиын кезде жедел шешім қабылдап, қиналғанға көмектесе білуі қажет», — дейді өрт сөндіруші.

Үйленген, бір қызы бар.