Дәурен Қасымжанұлы 1976 жылдың көктемінде Қарағанды облысы, бұрынғы Талды ауданы, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы, Алғабас селосында дүниеге келген.

Ол 1982 жылы мектеп табалдырығын аттап, сол мектеп қабырғасында 11 жылдық білім алды. Мектеп бітірген соң, Отан алдындағы борышын атқару үшін әскерге аттанады. Әскерден кейін, 1996 жылы ішкі істер органдарына қызметке тұрады. Жол патрульдік қызметінің милиционері, кезекші бөлімнің жедел кезекшісінің көмекшісі қызметтерін абыроймен атқарады.

Б.Бейсенов атындағы Қарағанды жоғары мектебінің заңгер мамандығына сырттай түсіп, 2005 жылы аяқтап, офицер атанады. Содан бастап, яғни, 2006 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қызметін адал атқарып келеді.

Дәурен Қасымжанұлы облыстық ІІД және қалалық ІІБ басшылығы тарапынан бірнеше мәрте марапатқа ие болған, сондай-ақ, мінсіз қызметі үшін II және III дәрежелі медальдармен марапатталды. Ішкі істер министрлігі тарапынан 2006 жылы «Үздік қызметі үшін» төсбелгісін иеленді.

Дәурен Қасымжанұлының өз ісіне адалдығы, көзсіз ерлігін дәлелдейтін деректер көп. Солардың бірі қызыл жалын арасынан құтқарып қалған төрт бала туралы. Оқиға  былай болған еді: оған Майқұдық елді мекеніндегі үйлердің біріне жетуі керектігі туралы хабарлама түседі. Айтылған орынға жетсе, бес қабатты үйдің ең жоғарғы қабатындағы пәтер өртеніп жатыр екен. Шулаған көршілері үй ішінде балалар барын айтады.  Сол сәтте тілсіз жаудың алаулаған жалыны менқою қара түтініне қарамастан, Дәурен Қасымжанұлы білек сыбана балаларды құтқаруға кірісіп кетті. Үйге кірсе, кереуеттің үстінде ес-түссіз жатқан төрт бала бар екен. Дереу екеуін иығына салып, сыртқа алып шығады, бұл кезде жалын одан сайын өрши түскен екен.

«Екінші рет кірейін дегенімде, өрт қарқын ала түсіпті. Сонда да жанымды шүберекке түйіп, балаларды құтқардым», –  дейді сақшы.

Осылайша, ол төрт бірдей балаға екінші өмір сыйлады. Айтпақшы, Дәурен Қасымжанұлы төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Жүрегі кең, адамгершілігі мол, батырлығы жыр болатындай азаматтарымыздың бірі Дәурен Алтаев еліміздің таңдаулы 100 тұлғасын қатарынан көрінуге әбден лайық деп санаймыз.