Эльмира Жұмажанқызы Мақашева – 1974 жылы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданының Сары-өмір ауылында дүниеге келген.  1997 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтының  режиссерлық бөлімін тәмамдап, 1997 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының өнер сахнасында бүгінге дейін табан аудармастан тер төгіп келеді.


Эльмира Мақашева – өзіндік орындау ерекшелігі бар, талантты актриса. Өз жұмысына аса жауапты қарайды. Осы кезге дейін қырыққа жуық басты әрі негізгі рольдерді сомдап келеді. Өзіне тапсырылған жұмысты аяғына дейін жеткізу, әр роліне өзіндік таным мен түсінік қосып отыру оның негізгі қасиеттерінің бірі. Актриса күрделі психологиялық образдармен қатар комедиялық, драмалық рольдерді де шынайы аша біледі. Шебер ойнайды, тартымды, нанымды образдар жасайды.
Көрерменнің іздеп жүріп келетін сүйікті артисіне айналған дарынды актриса, әсіресе, комедиялық рольдерді шебер ойнайды. Мәселен, Ш.Башбековтің «Шойын қатын» комедиясындағы - Кумри, Ө.Боранбевтың «Сотанайдың соңғы үйленуіндегі» - Камила, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуіндегі» - Ботагөз, Биғайша, С.Ахмадтың «Суперкелінінде» - Саттыхон,  А.Цагарелидің «Ханумасында» - Кабато, И.Содиковтың «Әпендінің бес қатынында» - Зубайда және тағы да басқа жарқын бейнелер тудырған өнер жүйрігі. 
Диапазоны кең актриса драмалық рольдерді де шынайы бере біледі. Г.Хугаевтың «Қара шекпеніндегі» - Қоян, М.Ладоның «Болмаған оқиғасындағы» Торай образдары көрерменнің көзіне жас келтірген   аянышты, трагедиялық кейіпкерлер. Аңдардың образы арқылы адам жанына әсер етуде актриса жоғары шеберлікке қол жеткізген. С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасырында» - Нәзікеш, Е.Аманшаевтың «Қасірет драмасында» - Сәлима, Б.Мұқайдың «Тойы көп үйінде» - Келіншек,Ж.Өзүбекова-«Ұмай ана» кейіпкерлерін сомдауы арқылы психологиялық бейнелерді аша білетін артист ретінде танылды.Сонымен бірге Е.Шварцтың «Золушка» ,Қырғыз драматургы Н.Мусаеваның«Сенімді дос»,А.Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық»,Қырғыз драматургы Ж.Өзүбекованың «Толғақ» психологиялық драмасын қазақ тіліне аударды.Аудармалары Астана қаласы, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақмузыкалық драма театрында,Қызылорда қаласы Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында,Қызылжар қаласы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында  және Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында жүріп жатыр.
2016 жылы  Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі А.Мақсұтовтың құрмет дипломына ие болды.
2017 жылы 27 наурызда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А,Мұхамедиұлы алғыс хатымен марапатталды. 
Э.Мақашева тек өзінің  талантына сеніп қоймай көп еңбектенеді, көп ізденеді. Театр қайраткерлері одағының мүшесі.
Облыста өтетін мәдени іс-шараларға, театрдың қоғамдық өміріне белсене араласады. Әріптестері арасында сыйлы, кейінгі жас буынға үлгілі сахна артисі. Отбасында – өнегелі жар, үш баланың анасы.