Ертай Бекқұлов – 38 жыл еңбек өтілі бар белді журналист

Таралымы 300 мыңға жетіп жығылатын «Лениншіл жаста» жарқ етіп көрінген жас журналист Ертай Бекқұловтың журналистика саласында жүргеніне екі жылдан соң бақандай 40 жыл болады екен. Тынымсыз ізденістің арқасында қазақ журналистикасына соны пішін салған, кейіпкерлерін жан-жақты көрсете алатын Ертай Бекқұловтың мақалалары үлкен сұранысқа ие болған, болып жүр. Журналист қаншама шындықтың бетін ашты, көптеген мәселелерді көтерді, қаншама кейіпкерлерді халыққа танытты.

Республикалық «Лениншіл жас» газетінің беттерінде Ертай Бекқұлов деген жас журналистің есімі оқырманның назарына жиі іліге бастады. Ол кезде жастар газеті оқылымдылығымен дүркіреп, таралымы шарықтап тұрған шақ. Оның үстіне «Лениншіл жас» қазақ журналистикасының тәрбие мектебі саналатын. Оған мақала жазып, өз қаламын сынамаған қаламгер некен-саяқ. Қазақ баспасөзінде еркін тыныстылығымен ерекшеленіп тұратын басылымда көрінуге қолына қалам ұстаған әрбір жас журналист талпынатын. Оларға «Лениншіл жасқа» өз жазғанын шығару армантұғын. Сондай мақсаты орындалғандардың бірі – Қызылорда өңіріндегі алақандай Қосүйеңкі ауылының сарыдомалағы Ертай Бекқұлов болатын.

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ пейілі қаламға құлаған Ертай бала Жаңақорған аудандық газетіне тырнақалды туындыларын жіберіп тұрған көрінеді. Өлең ұйқастыратын қабілетін де байқатқан. Содан соң, журналист болуды армандайды. Бұл арманы әскер қатарынан оралған соң орындалып, ҚазМУ-дің студенті атанды.

Бес жылғы студенттік күндер де қас қағым сәттей зырғып өте шыққан соң, дип­ломы қолға тигеннен кейін Ертай жолдамамен Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетіне барып тілшілік қызметін бастады. Арада жарты жыл өткенде еңбекқорлығының нәтижесінде бөлім меңгерушісі болды. Аракідік «Лениншіл жасқа» мақалалары жарық көріп тұратын. Қаламының желі бар жас журналисті 1982 жылы жастар газеті Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы меншікті тілшісі етіп жұмысқа қабылдады. Жалындаған жас жігіт Ертайдың тынымсыз тілшілік қызметі солай басталып жүре берген-ді.

Бұл шақта «Лениншіл жасты» Сейдахмет Бердіқұловтай дарабоз редактордың басқарып тұрған кезі. Мерзімді басылымның таралымы 300 мыңнан асып жығылады. Бір ғана Оңтүстік Қазақстанда 45 мыңнан астам оқырманы бар. Соны ойлаған болуы керек, қаламының қарымымен танылған Бекқұловты 1985 жылы Бердіқұлов Алматыға шақырып алып, Оңтүстік облыстарға меншікті тілші етіп жіберді.

Шымкент кімді де болсын шың­даған, шынықтырған, жаныған. Ал Ертай келген бойда өзінің тынымсыз ізденімпаздығымен тағы да газет беттерінен жиі көріне бастады. Оның қаламынан туған очерктер, өткір мәселелер, сын мақалалар оқырман көкейіне жол тауып, көңіліне қонып жатты. Ол талай адамның тағдырына араша түсті, талай кемшіліктің бет-пердесін ашты. Жақсы жандар жөнінде жазып, жандарын жадыратты. Оңтүстіктен көптеген достар тапты. Олардың арасында журналистерден басқа комсомол, кеңес, партия қызметкерлері де болды.

Жалпы Бекқұловтың кейіпкерлерінің біразы белгілі тұлғаларға айналды. Бәлкім, бұл, журналистің талғампаздық қырын танытар. «Лениншіл жастағы» аттай сегіз жылда ол талайларды көпке танытты, өзі де танылды. Жалпы ол журналистік жұмысының жиырма жылын меншікті тілшілікке арнапты. «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Үкімет жаршысы» – «Правительственный вестник» басылымдарында жемісті еңбек етті. Жұбайы әрі курстасы Алма Смағұлова екеуі шымкенттік болып алды.

Ертей Бекқұловтың журналистикада жүргеніне 38 жылдай болып қалды. Бір жылдай «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі болғаны да бар. Кейін тәуелсіз «Ақиқат» – «Истина» газетінде бас редактордың орынбасары, бас редакторы, «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінде бас редакторлық қызметін де атқарды. 2006 жылы «Оңтүстік Қазақстанға» бөлім меңгерушілігіне келген ол басылымға біраз еңбек сіңіріп, тағы да сол тынымсыз ізденісінің арқасында бас редактордың бірінші орынбасары қызметін дөңгелетіп әкетті. Ұзақ жылдарғы жемісті еңбегі еленіп, ҚР Ақпарат министрлігінің, облыс әкімі мен мәслихатының Құрмет грамоталарын алған. ҚР Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.