Фанзу Сәденов - құтқарушы

Фанзу Сәденов 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жас кезінен бастап өрт сөндіруші қызметін болашақта арман тұтқан Фанзу қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Қасым Қайсенов кенті №34 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, өртке қарсы қызмет старшинасы атанып отыр.

Өртке қарсы қызметте 1996 жылғы 17 шілдеден бастап қызмет атқарады. Қызмет еткен мерзімі ішінде өзін тек жағымды жағынан көрсетіп, абыройлы, белсенді қызметкер ретінде танылды. Алдына қойған міндеттерін жоғары кәсіби шеберлікпен  шешеді. Өзінің кәсіби деңгейін көтеруге жоғары көңіл бөледі. Өрт сөндіру және авариялық–құтқару жұмыстары саласында үлкен тәжірибеге ие және оны жас қызметкерлерді тәрбиелеу ісінде пайдаланады.

Ұжымда сыйлы, моральдық тұрғыдан тұрақты, бірқалыпты, сабырлы қызметкер. Жұмыста еңбек тәртібін, ішкі қызметтік тәртіпті, мемлекеттік қызметшілер этикасының нормаларын ұстанады. Үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр. Өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Азаматтық қорғау» Заңына сәйкес жүзеге асыруда.

Өзінің жеке тұлғалық қасиеттері мен кәсіби шеберлігін 2012 жылы маусымның 26 күні сағат 16.00 шамасында Өскемен қаласы, «Альшемали» базарының маңында Үлбі өзеніне батып бара жатқан балаларды құтқару кезінде көрсете білді. Ф. Сәденов сол уақытта өзінің жеке автокөлігімен өтіп бара жатып, көмек сұрай жүгірген әйелдер мен суға кетіп бара жатқан балаларды көреді. Бір қыз бала мен екі ұл бала суға шомылып жүріп иірімге тап болады да, суға бата бастайды. Фанзу көп ойланбастан, өз басын қатерге тігіп, балаларды құтқаруға ұмтылады. Балаларды бір-бірлеп судан алып шығады да су жұтып үлгерген балаларға алғашқы көмек көрсетеді. Балаларға төнген қауіптің артта қалғандығына көз жеткізген ол, ата-аналарына өзінің өртке қарсы қызметінде жұмыс істейтіндігін айтып, оқиға орнынан кетіп қалады. Қызметтік міндеттерін адал атқарғандығы үшін және жұмысында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгендігі үшін Фанзу Сәденов ІІ және ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.

2012 жылы үш бірдей баланың өмірін аман алып қалғаны және көрсеткен ерлігі үшін Ф.Саденов «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен, «Жас қыран» әскери-патриоттық бірлестігінің «Қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 05 желтоқсандағы № 444 Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.