Гауһар Тұрмаханова – самбодан ересектер арасындағы оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Не бәрі 22 жасында әлем чемпионы атанған дзюдошы Қазақстанның қоржынына талай медальдар салған қайсар қыз. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Самбо күресінен әлем чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы. Дзюдо күресінен спорт шебері. Дзю-до күресінен ҚР жеңімпазы.

Гауһар 1992 жылы Отырар ауданындағы 20-30 шақты түтіні бар кішкентай ғана Жанкелді ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін көрші ауылдағы М. Әуезов атындағы орта мектепте білімін жалғастырады. Мектепте күрес үйірмесі бар. Құрбысына еріп, бұл да барып жазылады. Басында күреске 30 шақты қыз қатысып, жаттығуларын бастаған. Бірақ, бірте-бірте қиындығына, тәртібіне шыдамай қатарлары кеми береді. Айналасы бір жылдың ішінде боз кілемде Гауһардың жалғыз өзі қалады. 6-сыныпта облыс біріншілігінде топ жарды. Бұл жас палуан қыздың алғашқы жеңісі еді. «Ата-анам бастапқыда «бала ғой, барады, ойнайды, кейін өзі тастап кетеді» деп ойлады. Ал менің әр жарыстан кейін күреске деген қызығушылығым арта берді. Болашағымды спортпен байланыстырдым. Кейін ата-анам: «қыз баласына қол емес» деп боз кілемді жағалап, ала өкпе болып жаттыққаныма қарсылық таныта бастады. Күрестің алғашқы әліппесін үйреткен бапкерім Нұржан Пердебеков екеуміз жарыс сайын рұқсат сұрап, үйдегілерге жалынып жүретінбіз. Әр жарысқа жылап жүріп баратын едім. Республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жеткен соң менің қалауым спорт екенін түсінді. Қазір «бар, тастама» деп отырады, сенеді. Шынымды айтсам, ата-анамның менің белдесуімді келіп көргенін қаламаймын. «Келмеңдер, теледидардан тамашалаңдар» деймін. Қобалжитынымды білемін. Олар түсінеді. Ал жарыс біткен сәтте «Батыр қызым, еш жерің ауырып қалған жоқ па?» деп бірінші болып апам қоңырау шалады», – дейді Гауһар.

Спортшы қыз 9-сыныпты бітіргеннен кейін Шымкенттегі М.Әуезов атындағы колледждің заңгер мамандығына оқуға түседі. Сосын аталмыш университеттің денешынықтыру мамандығына құжат тапсырады. 2015 жылы қолына дипломын алды.

Қалаға келгеннен кейін Гауһарды самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Орынбасар Құралбай жаттықтыра бастайды. Тәжірибелі бапкерден тәлім алған ол бас-аяғы алты жылдың ішінде самбодан, дзюдодан, қазақша күрестен ел біріншілігінде топ жарды. Азия чемпионы, екі рет әлем чемпионы атанып, көк туымызды көкте желбіретті. Былтырғы жыл Гауһар үшін жемісті болды. Ол Жапонияның Нарита қаласында өткен самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионатында 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, 22 жасында әлем чемпионы атанды. «Румыния, Украина, Франция палуан қыздарының жауырынын жерге тигіздім. Ал финалда әйелдер арасында үш жыл қатарынан әлем чемпионы атанған Анна Харитоновамен жолым түйісті. Жасы үлкен. Мықты қыз. Боз кілемге шыққанда білетін дұғамды іштей күбірледім. Қарсыласымның мысынан, атақ-абыройынан қаймыққан жоқпын. Өйткені өзімнің дайындығыма сенімді едім. Оңтайы келгенде көрген-түйгені мол, әккі балуанды алып ұрдым. Осылайша қазақ спорты тарихында 1996 жылы тұңғыш әлем чемпионы атанған Сәуле Ғабдулина, одан кейін 2007 жылы ешкімге дес бермеген Райса Байлиева әпкелерімнің жетістігін араға жеті жыл салып, үшінші болып қайталадым, – дейді Гауһар.