Гүлмира Жұмақаева - медбике 

Адам жанын сауықтыратын тек дәрі, оталар ғана емес, қарапайым медбикенің мейірі мен ықыласы да дерттен сауығуына септігін тигізуі мүмкін. Біздің кейіпкеріміз осындай қамқор, мейірімді мінезімен сырқатты сауықтыратын ақ халатты абзал жан.      

Гүлмира Жұмақаева 1988 жылы медициналық училищені тәмамдап, Ульянов аудандық ауруханасына балалар консультациясы бөлімінің медбикесі болып еңбек жолын бастаған еді. Осы кезден бастап отызға жуық жыл бойы өз мамандығын ауыстырып көрген емес. Өз өмірін адамдарды сауықтыруға арнады деуге болады.  

2005 жылы Гагарин атындағы мектепте медбике қызметін атқарып, 2006 жылы "Бұқар Жырау аудандық медициналық бірлестігі" КМҚК медбике қызметіне ауысты. 2012 жылдан бері осы емхананың аға медбикесі. Гүлмира Жұмақаева еңбегінің бағасы алғыс хат, марапаттаулармен емес, емханаға келетін жандардың алғысы мен разылығымен өлшенеді. Аудан тұрғындары елгезек, мейірімді, өз ісін жетік білетін маман ретінде құрметтейді. Ол өзін кәсби тұрғыда жетілдіруді тоқтатқан емес, сондықтан да ауыл тұрғындары кез келген уақытта Гүлмирадан ақыл-кеңесін сұрауға дайын тұрады. Гүлмира тек маман ретінде ғана емес, аяулы жар, өнегелі ана ретінде де ауылдастарына үлгі.